Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Қазақстан Бразилиядан "қара жәшіктердегі" деректерді алды
Жарияланған күні:

Еліміздің Көлік министрлігі 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Аzerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі ұшақтың "қара жәшіктерін" талдау деректерін алғанын растады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Көлік министрлігінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне ресейлік БАҚ-та тараған яғни, Ақтау маңында апатқа ұшыраған Аzerbaijan Airlines әуекомпаниясыне тиесілі ұшақтың "қара жәшіктері" Қазақстанға жеткізілігенін растаған.
"Қазақстан Көлік министрлігінің Авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссиясы Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) 13-қосымшасының стандарттары мен ұсынылған тәжірибесіне сәйкес барлық факті мен материалды егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін алдын ала есеп жариялайды. Онда анықталған нақты мәліметтер мен тергеу барысы туралы ақпарат беріледі. Қазақстанға жеткізілген борттық өздігінен жазғыштардың алынған деректерді де мамандар зерттеп жатыр", - делінген хабарламада.
Ақтау маңындағы ұшақ апаты
25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта Әзербайжанның 42-і, Ресейдің 16-ы, Қазақстанның алты, Қырғызстан үш азаматы болған.
Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Олардың үшеуі – экипаж мүшесі. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
АZAL әуекомпаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Әзербайжан астанасында аза тұту күні жарияланды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасады. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұқбатында ұшақтың апатқа ұшырауына себеп болуы мүмкін фактілерді атады.
Сондай-ақ ол ұшақ апатынан қаза болған марқұмдардың отбасымен кездесу кезінде әділдікті, сондай-ақ кінәлілерді жазалауды талап ететіндерін мәлімдеді.
Ал Қазақстан Azerbaijan airlines ұшағының борттық өздігінен жазғыш деректерін (қара жәшіктері) Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2211978-aqtau-mangynda-ushaq-apaty-kolik-ministrligi-braziliiadan-qara-zhashikterdegi-derekterdi-alganyn-rastady/