Ақтөбеде адамдардың кепілге алынуы: оқиға салдарынан көз жұмған ерлі-зайыпты жерленді
Жарияланған күні:

Ақтөбеде кепілге алынып, бірнеше сағат бойы пышақ жарақатымен жертөледе қамалған ерлі-зайыпты бүгін жерленді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бүгін Ақтөбеде кісі қолынан қаза тапқан қос зейнеткердің жаназасы өтті. Телеарна хабарлауынша, қаралы жиынға жиналған марқұмдардың жақындары мен таныстары қанды оқиғаға және қаза тапқандарға қатысты пікір білдірмеген.
Еске сала кетсек, 13 қаңтардан 14-іне қараған түні әлеуметтік желіде белгісіз біреу Ақтөбедегі үйлердің біріне кіріп, бойжеткенді кепілге алғаны туралы ақпарат пайда болды. Кейін полиция өкілдері бұл ақпаратты растап, 13 қаңтарда кешкі сағат 20:00 шамасында жедел басқару орталығына адамдарды кепілге алу фактісі бойынша хабарлама түскенін мәлімдеді.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы, арнайы жасақ қызметкерлері, барлық шұғыл қызмет жедел жұмылдырылған. Кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталған. Кейін кепілде болған адамдардың бірі ауруханаға тасымалдау кезінде, екінші адам операция үстелінде қайтыс болғаны белгілі болды.
Дәрігерлер кепілден босатылған 40 жастағы әйелдің жағдайы орташа ауыр деп отыр. Ат ұсталған азаматтың үстінен екі бірдей бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2212392-aqtobede-adamdardyng-kepilge-alynuy-oqiga-saldarynan-koz-zhumgan-erli-zaiypty-zherlendi/