Зектілері

Ұшақта адам өмірін сақтап қалған болашақ дәрігердің оқу ақысын төлеуге облыс әкімдігі көмектеспек (видео)

Жарияланған күні:

Дінмұхаммед Бектұрған
Дінмұхаммед Бектұрған. Фото: t.me/DenMinPR

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұшақта адам өмірін сақтап қалған болашақ дәрігер Дінмұхаммед Бектұрғанның оқу ақысын төлеуге қолдау білдіретінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоның Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 10 қаңтарда "Қызылорда - Астана" бағытындағы ұшақ бортында жолаушыны құтқарып қалған қызылордалық Дінмұхаммед Бектұрғанның ата-анасы Нұрболат және Ғалия Нұрсейітовтермен кездесті.

Ол Дінмұхаммедтің жас болса да, шұғыл әрі батыл, сауатты әрекет жасағанына ризашылығын білдіріп, ұлына жақсы тәлім-тәрбие берген ата-анасына алғысын айтқан.

Интерн маман оқуын әрі қарай үш жылдық резидентурада жалғастыруды жоспарлаған. Аймақ басшысы елдің атынан алғыс ретінде Дінмұхаммед Бектұрғанның оқу ақысын төлеуге қолдау білдіретінін жеткізді.

"Дінмұхамед медициналық көмекке мұқтаж азаматқа дер кезінде алғашқы жәрдем көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Оның уақыт оздырмай қабылдаған шешімі, сауатты іс-қимылы өзі сияқты медицина мамандығында білім алатын жастарға үлгі-өнеге болды.

Бұл арқылы Дінмұхамед өз мамандығын жақсы меңгергенін ғана емес, ата-анасынан, ұстаздарынан, аға буын әріптестерінен тағылымды тәрбие алғанын көрсетті.

Дінмұхамед секілді жас мамандар – еліміздің болашағы. Біз осындай азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп, ерлік ісін өскелең ұрпаққа үлгі етіп насихаттауымыз қажет", - деді ол.

Айта кетейік, Дінмұхаммед Бектұрған Астана медицина университетінің 7-курс студенті. Қазір интернатурада оқиды.

Бұған дейін оны Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова "Құрмет грамотасымен" марапаттаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2212497-ushaqta-adam-omirin-saqtap-qalgan-bolashaq-dariger-oblys-akiminen-zhagymdy-zhangalyq-estidi-foto-video/