Зектілері

2025 жылы елімізде 100-ден астам ауыл сымсыз интернетке қосылады

Жарияланған күні:

Ғаламторға кіргелі отырған ер адам
Ер адам. Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде 100-ден астам ауыл сымсыз интернетпен қамтылады. Бірінші болып Алматы облысындағы Сарыбай би ауылы қосылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Цифрлық даму министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр Жаслан Мәдиев ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтудың жаңа әдісінің артықшылықтарын бағалап, Сарыбай би ауылының тұрғындарымен әңгімелесті.

Бұған дейін Сарыбай би ауылының тұрғындары ескірген ADSL технологиясы арқылы интернетке қосылып келген. Бұл технология бойынша интернет жылдамдығы баяу әрі қосылу сапасы төмен болған.

Ал желі инфрақұрылымын құрудың жаңа тәсілі (FWA) деректерді секундына 200-300 Мбит жылдамдықпен беруге, үлкен аумақтарды қамтуға және қолданушылар санының артуына қарамастан тұрақты қосылымды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, Сарыбай би ауылында 105 үй жаңа технологияға қосылып, оның артықшылықтары мен мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Қазіргі уақытта тұрғындар белсенді түрде қосылуға өтінім беріп жатыр.

"Бұл технологияның ең басты артықшылығы – қымбат оптикалық желіні жүргізудің қажеттілігінсіз тұрақты және жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу. Бұл – қазақстандық ауылды цифрландырудың жаңа тәсілі, және біз бүгін Сарыбай би мысалында FWA технологиясының 5G негізінде қаншалықты тиімді әрі болашағы бар екенін көрдік. Енді осы ауылдың және басқа да ұқсас елді мекендердің тұрғындары қазіргі заманғы сервистер мен онлайн қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие болады деп сенемін", - деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

"Қазақтелеком" компаниясы өзінің жаңа "Ауылтелеком" еншілес кәсіпорны арқылы табысты сынақтардың қорытындысы бойынша осы жобаны республикадағы басқа ауылдарда да енгізуді жоспарлап отыр.

Жаңа технология 7 ауылға енгізіліп, 200-ден астам үй шаруашылығын қамтыды. 2025 жылы 100-ден астам ауылды қосып, ауылдық елді мекендердегі 10 000-нан астам тұрғынды заманауи интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

"Біз еншілес ұйымдардың бірінің жұмысын ауылдық жерлерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге бағыттадық. Ауылтелеком қазіргі уақытта ең оңтайлы технологияларды анықтап, ауыл тұрғындарына сапалы интернетке қол жеткізу мүмкіндігін ұсыну үшін жұмыс істеуде. Сарыбай би ауылындағы тестілеу көрсеткендей, заманауи сымсыз технологиялар – FWA ауылдық жерлерде интернетке жоғары жылдамдықты қосылу мәселесін тиімді шеше алады", - деді "Қазақтелеком" компаниясы басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Цифрлық даму министрімен кездескен бірнеше тұрғын жаңа байланыс технологиясына қатысты оң пікір білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2212527-2025-zhyly-elimizde-100-den-astam-auyl-symsyz-internetke-qosylady/