Зектілері

Жезқазғандық кенші жер астына киіз үй тікті

Жарияланған күні:

киіз үй
Шахтадағы киіз үй. Видеодан кадр: 24.kz

Жезқазғандық кенші Ақбейсен Қайырбеков жер астына киіз үй тікті. Өзі істейтін шахтада 650 метр тереңдікте орналасқан қазақы үй ауыр еңбекте жүрген жұмысшылардың бір мезгіл бас қосып, шәй ішетін сүйікті орнына айналған, деп хабарлайды 24.KZ телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, Ақбейсен Қайырбеков киіз үйді кейін өндіріс тарихы мен еңбек озаттары жайлы сыр шертетін шағын музейге айналдыруды жоспарлап отыр.

Жезқазғаннан 200 шақырым қашықта орналасқан "Жомарт" шахтасында 1 мыңға тарта кенші вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ақбейсен Қайырбеков 2006 жылы кеніш іске қосылған кезден бері осында еңбек етіп келеді.

Жер астына киіз үй тігу идеясы отбасынан жырақта жүрген еңбеккерлердің өздерін бір сәт үйінде жүргендей сезінсін деген ойдан туған дейді ол. 

"12 сағат жұмыс істейміз. Соның 1-ден 2-ге дейін түскі ас уақыты. Сондықтан таза жерде, таза үйде отырып түскі ауқатын ішіп жақсы боп отырсын деген ниет. Бәрі осы киіз үйден шыққан ғой ата-бабаларымыз. Кейде бір сағыныш болады. Шіркін-ай шаңыраққа қарап отырып бір шәй ішсек қой деген. Мысалы демалысқа барады көпқабатты үйде тұрады. Қанда бар нәрсені сағынады. Сол сағынышты осының ішіне кіріп басса деген ой", - деп түсіндірді ойын төбені бекіту телімінің басшысы Ақбейсен Қайырбеков.

Телеарна мәліметінше, киіз үй төріне қазақтың ұлттық аспаптары, тарихтан белгілі хандар мен батырлардың және осы өңірде өндірістің дамуына үлес қосқан ардагерлердің суреттері ілінген. Мұндағы орындықтың өзі ханның тағына ұқсатып жасалған. Келген жұмысшылар шәй ішіп қана қоймай, тарихқа қанығып, тіпті ән де салады. Киіз үйдің есігі тәулік бойы ашық тұрады. Ауыр еңбектен шаршаған кеншілер осында кеп шөл басады. Тек үй иесінің қоятын жалғыз шарты бар. Дастарқан басында еңбек жағдайын түзеу, жұмысшылар арасында сыйластықты арттыру секілді түзу әңгіме айтылуы керек. 

"Біздің әкелеріміз, ата-бабаларымыз айтатын дастархан басына келгенде біреуді өсектесең күнә болады, жақсы болмайды, біреудің ауыртпалығын алып қайтесің, одан да жақсы сөз айту керек, жарым ырыс. Сондықтан осында 5 минут отырса да мен жігіттерге осы Қазақстанның тарихын, белді адамдарын айтып отырамын.  Ербол Биболов, кеніштің бас инженері: - Ақбейсен Төкенұлының өзінің әр түрлі идеялары бар. Сол идеяларының ішінде біз қолдаған осы киіз үй жобасы болатын. Салуға, орындарын дайындап, ішін безендіруге қарсы алдық", - дейді автор.

Ақбейсен Қайырбеков киіз үйден бөлек тағы бірнеше жобаны жүзеге асырған. Болашақта ол кеніштің аумағын үлкен саябаққа айналдыруды жоспарлап қойған. Қазірдің өзінде көптеген жеміс ағаштарын жерсіндіріп, түрлі аң-құстың мүсінін орнатқан. Еңбекқор азамат мұның бәрін жұмыстан тыс уақытта жасаған. Тіпті еңбектің өтеуі деп басшылық ұсынған сыйақыдан да бас тартқан.

"Бұл екінші үйімізге айналған жұмыс орныма жасаған азғантай сыйым", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2213243-zhezqazgandyq-kenshi-zher-astyna-kiiz-ui-tikti/