Еліміздің мектептері мен колледждерінде "111" байланыс орталығының QR-коды іске қосылды
Жарияланған күні:

2025 жылдың қаңтар айынан бастап мектептер мен колледждерде Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп "111" байланыс орталығына қолжетімділікті арттыру үшін арнайы QR-кодтар енгізілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл орталық отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауда құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді.
Енді "111" нөміріне қоңырау шалу мүмкіндігінен басқа балалар мен олардың ата-аналары QR-кодтар арқылы сұрау жібере алады. Олар барлық білім беру ұйымында, балалар үшін қолжетімді орындарда, сондай-ақ автобус аялдамаларында орналасқан. Аталған жаңалық көмек алудың қолайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
"Бұрын балалар байланыс орталығына тек телефон арқылы ғана хабарласа алатын, ал енді олардың QR-кодтар арқылы сұрау жіберу мүмкіндігі бар. Бұл қолдауға жүгіну процесін айтарлықтай жеңілдетеді, оны неғұрлым ыңғайлы және қолжетімді етеді. QR-кодтар қажетті ақпарат пен көмекті жылдам және анонимді алуға мүмкіндік береді, бұл балалардың сауалдары мен мәселелеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді", - дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы "111" байланыс орталығына балалардан 1000-ға жуық өтініш келіп түсті. Оларға анықтамалық ақпарат беріліп, психологиялық қолдау көрсетіліп, мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта уақытылы көмек ұйымдастырылды.
Айта кетейік, 2024 жылдың шілдесінде мемлекет басшысы қабылдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң аясында "111" байланыс орталығының қызметі бекітілген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай оқушылар мектепте әлімжеттік көрсе, қайда жүгінуге болатынын айтқан болатын.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатқаны хабарланды. Бағдарлама шеңберінде зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету кабинеттері қызметінің бірыңғай моделі енгізілмек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2213526-elimizding-mektepteri-men-kolledzhderinde-111-bailanys-ortalygynyng-qr-kody-iske-qosyldy/