Зектілері

Алматы көшелерін қардан тазалауға 1500 адам шықты (фото)

Жарияланған күні:

Қар күреп жүрген қызметкер
Қар күреп жүрген қызметкер. Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда таңғы 9:00-ден бастап қар жауа бастады. Мегаполиске екі күнде 20 мм қар түседі деп болжанып отыр. Қалалық коммуналдық қызмет көше қарын күреуге кірісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановтың айтуынша, қаланың коммуналдық қызметі көшелерді, жолдар мен тротуарларды жедел қардан арылтуға кірісті. Қар күреу жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.

"Бүгін сағат 9:00-де қалада және таулы аудандарда қар жауа бастады. Екі күн бойы қар жауып, 20 мм қар түседі деп болжанып отыр. Бұл едәуір мөлшер, ауқымды жұмыс. Таңертеңнен бастап коммуналдық қызмет көшелерге көктайғаққа қарсы арнайы қоспалар сеуіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Негізгі жұмыс қар күрелген соң басталады. Біз магистралды және орталық көшелерде қар үйіндісі жасалған соң оларды шығаруға кірісеміз", - деді Алматы әкімінің орынбасары.

Қазгидрометтің мәліметінше, 23-24 қаңтарда Алматыда ауа температурасы -15…-20 градусқа дейін төмендейді. Қазіргі уақытта жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. 152 құмсепкіш техника жұмылдырылған. 950 тонна көктайғаққа қарсы материалдар және 60 м³ сұйық реагенттер пайдаланылған. Қауіпті жол учаскелерінде жолдың жағдайын бақылап отыратын 46 жедел топ жұмыс істеп жатыр.

Магистралды көшелерді қардан толық тазалау үш күнге, аудандық маңызы бар көшелерді тазалау жеті күнге созылады.

техника
Қар күрейтін техника. Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Қазіргі уақытта жолдарда 600-ден астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр, күндізгі уақытта шамамен 1,5 мың адам жұмылдырылды. Жұмыс түнде де, қар толық шығарылғанға дейін жалғасады. Тазалықты бақылау үшін аудан әкімдіктерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды", - деді Бейбіт Шаханов.

Қала әкімінің орынбасары қардың жаууы қала тұрғындарына уақытша қолайсыздық тудыратынын түсінетінін айтып, қала тұрғындарынан көліктерін жол жиегіне қоймауды сұрады.

Сондай-ақ мәселені жедел шешу үшін тұрғындар Telegram-боттарға келесі сілтемелер арқылы аудан әкімдіктеріне жүгіне алады:

  • Әуезов ауданы - https://t.me/akimatAuezov1
  • Алатау ауданы - https://t.me/akimat_alatau
  • Алмалы ауданы - https://t.me/almalyaudany/1
  • Бостандық ауданы - https://t.me/bostandykaudanyy/1717
  • Жетісу ауданы - https://t.me/obzhetysu
  • Медеу ауданы - https://t.me/medeu_audany
  • Наурызбай ауданы - https://t.me/+jD3nmPVIVrw1YWQ6
  • Түрксіб ауданы - https://t.me/turksib_audany

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2214099-almaty-koshelerin-qardan-tazalauga-1500-adam-shyqty-foto/