Ақтау маңындағы ұшақ апаты: алдын ала тергеу қорытындысы келесі аптада жариялануы мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты тергеу қорытындысы келесі аптада жариялануы мүмкін. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистердің Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты сауалдарына жауап берді. Ол алдын ала тергеу қорытындысы алдағы аптада дайын болатынын айтты.
"Қазір қара жәшіктен аудиолар қаралып жатыр және басқа да ұшақтың режимдерін қарап, (мамандар - ред.ескертпесі) оларды сәйкестендіріп жатыр. Әрине, ол біраз жұмыс. Өйткені оны дәлелдеу үшін тексеру жүргізіледі: олардың дауысы ма басқа адамдардың дауысы ма, қай минут, қай секундта не айтқаны, кім қандай бұйрық бергені. Сол мәселені, менің ойымша, келесі аптада бітіретін сияқтымыз. ИКАО (ICAO - Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) талаптарына сәйкес, бір айдың ішінде тергеудің алдын ала қорытындысы жариялануы керек. Біздің Көлік министрлігі тиісті ақпаратты жариялайды", - деді Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.
28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.
Сонымен қатар 30 желтоқсанда Қазақстан Ақтау маңында құлаған ұшақтың "қара жәшігін" Бразилияға жібергені белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2214840-bozymbaev-aqtau-mangyndagy-ushaq-apatyna-qatysty-tergeu-qorytyndysy-kelesi-aptada-zhariialanady/