Қазақстан - Өзбекстан шекарасындағы "Қапланбек" автомобиль өткізу пункті ашылды
Жарияланған күні:

Өзбек тарапы "Гишт-Куприк" өткізу пунктін уақытша жабуына байланысты "Қапланбек" (Қазақстан жағы) және "Навои" (Өзбекстан) өткізу пункттері жеке тұлғалардың жаяу жүруі, жеңіл автокөліктер мен автобустардың өтуі үшін ашылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі ресми сайтында хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан және Өзбекстан тарапы "Қапланбек" және "Навои" өткізу пункттерінде бір уақытта жаңғырту мен техникалық жабдықтау жұмыстарын жүргізген. Бүгін осы өткізу пункттерінің техникалық ашылуы өтті.
"Іске қосу жұмыстарына байланысты 27 қаңтар мен 5 ақпан аралығында жеке тұлғалардың, жолаушылар көліктері мен автобустардың өтуі шектеулі мөлшерде жүзеге асырылады. 5 ақпаннан бастап өткізу пункті толығымен жұмыс істейді.
Одан әрі екінші кезеңде тараптар келіскеннен кейін осы өткізу пункттерінде жүк автокөлік құралдарын өткізіледі", - делінген хабарламада.
Ведомстводағылар "Қапланбек" өткізу пункті алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттар бойынша салынғанын, ең озық технологиялық жабдықтармен жабдықталғанын айтады. Онда жеке тұлғалардың шекарадан ыңғайлы өтуі үшін барлық жағдай жасалған.
Көлік ағыны қозғалысының барлық циклі автоматтандырылған. Өткізу қабілетін тәулігіне 20 мың жеке тұлғаға және 800 автокөлік құралына дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Ал "Жібек жолы" кеден бекетінің уақытша жабылу күні қосымша хабарланады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2215367-qazaqstan-ozbekstan-shekarasyndagy-qaplanbek-avtomobil-otkizu-punkti-ashyldy/