Зектілері

"Рульде ауырғанымды да ұмытып кетемін": 40 жылдан бері көлік айдайтын қазақ әжей Францияда танымал болды

Жарияланған күні:

Оразхан Манабаева
Оразхан Манабаева. Видеодан кадр: instagram.com/1001tuntv

Францияның ARTE телеарнасы 40 жылдан бері көлік жүргізетін қазақ әжей туралы деректі фильм түсірді. Француздар арасында танымал болған әжейді "1001" түн бағдарламасының тобы тауып, сұқбаттасқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оразхан Манабаева – Абай облысы, Үржар ауданы, Аягөз қаласының тұрғыны. Айтуынша, 1985 жылдан осы күнге дейін көлік айдап келеді.

"1984 жылы Аягөздегі автомектепте оқып, 1985 жылдан бері қарай темір тұлпарды тізгіндеп келемін. Осы 40 жыл ішінде бірде-бір рет айыппұл алмадым. Ең алғашқы көлігім – "Запорожец". Ақсақал екеуіміз жақсы жұмыс істегеніміз үшін көлік берді. Қазір Toyota 35 көлігін айдап жүрмін. 40 жылда 8 көлік ауыстырдым. Немере-шөберені мектепке тасып, кейде такси жүргізушісі боламын", - дейді әжей.

Оразхан Манабаева – ел ішінде танымал. Алайда француздардың назарына қалай іліккенін білмейді. Әжей кәсібіне қызығушылық танытатын адамдар тек Қазақстаннан емес шет мемлекеттерден өздері іздеп келетінін жеткізді.

Франция телеарнасы түсірген деректі фильмнен үзіндіде Оразхан Манабаева рульде отырғанда өзін өте жақсы сезінетінін, тіпті ауырғанын да ұмытып кететінін айтады.

"Рульде отырғанда өзімді өте жақсы сезінемін. Саспаймын, тыныш отырамын. Көлікте өзімді сергек сезінемін. Кейде ауырып қалсам, ауырғанымды да ұмытып кетемін. Бұл – менің сүйікті мамандығым", - дейді әжей.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2216511-birde-bir-ret-aiyppul-almadym-40-zhyldan-beri-kolik-zhurgizetin-qazaq-azhei-frantsiiada-tanymal-boldy-video/