Абай облысында оқушылар жалғызбасты әжейдің өмірін сақтап қалды
Опубликовано:

Абай облысы Көкпекті ауылында тұратын жалғызбасты әжейдің ауласын қардан тазартуға келген оқушылар қарияны үйінде ес-түссіз күйде жатқан жерінен тауып алды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Telegram-дағы арнасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, оқыс оқиға Көкпектіде болған.
Аудан орталығындағы мектептің "Жас сарбаз" сыныбының оқушылары "Үлкенге құрмет" акциясының аясында қариялардың аулаларын қардан тазартып, үй жұмысына көмектесіп жүр. Кезекті мәрте қолғабыс етуге шыққан Расул Бақтыбеков, Ертай Айыпқазы, Ерасыл Дәуітхан жалғызбасты Фелисада Арабеж әжейдің үйіне барған.
"Әжейдің үйіне офицер-тәрбиешіміз Талғат Тоқтарұлының жетекшілігімен бардық. Біз келгенде үйдің ішкі жарығы қосылып тұрды. Есікті қағып, қоңырау соғып едік, жауап болмады. Бұл бізге күмән туғызып, көршілерден әжейді соңғы рет қашан көргенін сұрадық. Олардан қария соңғы екі күннен бері сыртқа шықпағанын ести сала шүғыл әрекет жасауға шешім қабылдадық", - дейді оқушылардың бірі Ертай Айыпқазы.
Көршілермен бірге терезені сындырып, ішке енген оқушылар әжейдің ес-түссіз жерде жатқанын көргенін айтады. Бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер қажетті ем-домын жасаған. Осылайша оқушылар мен олардың тәрбиешісінің қырағылығының арқасында бір адамның өмірі құтқарылды. 85 жастағы Фелисада Арабеж әжей қазір ауруханада ем қабылдауда.
Аудан әкімдігі "Жас сарбаз" сыныбының оқушылары мен жетекшісіне алғыс білдіріп, олардың ерлігі мен адамгершілігін ерекше атап өтті. Қазір осы жас сарбаздың ерлігі ел аузында айтылып жүр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2218425-abai-oblysynda-oqushylar-zhalgyzbasty-azheiding-omirin-saqtap-qaldy/