Алматы метросында қауіпсіздік мақсатында жаңа уақытша қоршаулар орнатылды
Жарияланған күні:

"Райымбек батыр" станциясында жаңа уақытша қоршаулар орнатылды. Олар екі негізгі қызмет атқарады: жолаушылар үшін қорғаныс құралы әрі жарнамалық құрылым ретінде пайдаланылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы метрополитенінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы метрополитенінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта бұл қоршаулардың желге төзімділігі тексеріліп жатыр. Барлық қажетті сынақтан өткеннен кейін осындай қоршаулар метроның басқа станцияларында да орнатылады. Сонымен қатар метрополитен өкілдері бұрын орнатылған темір қоршаулардың да тексеріліп жатқанын, қажет болған жағдайда олардың алынатынын атап өтті.
"Алматы метрополитені әрдайым жолаушылардың жайлылығы үшін инфрақұрылымды жетілдіруге ұмтылады. Бұл шешім автоматтандырылған платформалық есіктер (screen doors) орнатылғанға дейінгі уақытша шара болып саналады. Барлық жұмыс кәсіпорынның өз қаражаты есебінен, бюджет қаражатын тартпай жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады метрополитеннің баспасөз қызметіндегілер.
Мекеме өкілдері уақытша қоршаулар вагондар арасындағы кеңістікті жабуға арналған және жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған уақытша шешім екенін айтады.
Олардың айтуынша, автоматтандырылған платформалық есіктерді (screen doors) орнату процесі көп уақытты қажет етеді, өйткені жобалау, техникалық-экономикалық негіздеме дайындау, қаржыландыру және мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізу қажет. Осыған байланысты жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уақытша қоршаулар орнатылып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2219382-almaty-metrosynda-qauipsizdik-maqsatynda-zhanga-uaqytsha-qorshaular-ornatyldy/