Шымкентте кәсіпкерлер әлеуметтік мекемелерді ҚҚС-тан босатуды ұсынды
Жарияланған күні:

Шымкент кәсіпкерлері үкімет ұсынған салық реформасын талқылады. Олар жеке балабақша, медициналық ұйымдар сынды әлеуметтік мекемелерді ҚҚС-тан босатуды немесе салықтық жеңілдіктер беруді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.
Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновпен кездесті.
Жиында салық реформалары, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселелері талқыланды. Басқосуға әкімдіктің, мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері және мәслихат депутаттары қатысқан.
Айта кетейік, үкімет қосылған құн салығының жалпы мөлшерлемесін 16 пайызға дейін ұлғайтуды, ал бірқатар сала үшін төмендетілген мөлшерлемені 10 пайызға енгізуді ұсынады, алайда мұндай салалардың нақты тізбесі әлі нақты айқындалмаған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді салықтан толығымен босату жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау саласы үшін де салық жүктемесін азайту қарастырылады.
Шымкенттік бизнес өкілдері вице-министрге сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Атап айтқанда Шымкент қаласы "Керемет-Оңтүстік "бөбекжай бағы" ЖШС басшысы Диана Қараманова әлеуметтік мекемелерді ҚҚС-дан босатуды немесе қызметтердің қолжетімді болуы үшін салықтық жеңілдіктер беруді ұсынды.
Ал "Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жеке клиникалар қауымдастығының" басшысы Әнуарбек Маймақов медицинадағы жоғары мөлшерлеме медициналық көмекке қол жеткізуді қиындатуы мүмкін екенін айтқан.
Еске сала кетейік, қазіргі таңда үкімет өкілдері әр аймаққа барып, жаңа Салық кодексіне қатысты жергілікті бизнес өкілдерімен талқылап жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2220770-shymkentte-kasipkerler-aleumettik-mekemelerdi-qqs-tan-bosatudy-usyndy/