"Өз тамағын өзі ішкенін қалаймыз": 8 жасар өскемендік бүлдіршіннің әжесі көптен көмек сұрайды
Жарияланған күні:

Өскемен қаласының 8 жасар тұрғыны Бейсен Айлана балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан. Өздігінен тұра да, жүре де алмайды. Айлананың жағдайын жақсартуға Қытай еліндегі клиникалардың бірі көмек беруге уәде етіп отыр. Бірақ бұл үшін 18 мың АҚШ долларға жуық қаражат қажет, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айлана 2016 жылдың 21 қарашасында Өскемен қаласында жүктіліктің 29 аптасында мерзімінен бұрын дүниеге келген. Өмірге келе сала гипоксия диагнозы қойылған сәбидің жағдайы өсе келе де оңала қоймаған. Бала 1 жас 4 айға толғанда оған балалардың церебралды сал ауруы, гиперкенетикалық, ауыр түрі деген диагноз қойылған. Оның үстіне есту қабілетінің 4-дәрежелі жоғалуы деген диагноз да қосылған. Содан бері оның әжесі Баубаева Күлбану немересінің жан азабын жеңілдетін, жағдайын сәл де болса жақсарту мақсатында қолынан келгенін жасап жатқанын айтады.
"Айдана менің ұлымның қызы. Өз бетінше аунай алмайды, отыра алмайды, тамақ жей алмайды, жүре алмайды. Диагнозын естігелі Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларындағы ауруханалардың табалдырығын тоздырдық. Өз қаражатымызбен Түркия, Украина, Өзбекстанға барып, оңалту орталықтарында ақылы ем қабылдадық", - дейді әжесі.
Оның сөзінше, бұл қабылдаған емдер де нәтижесіз болмаған. Мәселен, Айлана Украинадағы емнен соң табанын жерге тигізе алатын болған. Украинада оған ота жасалып, соның арқасында өзін жақсы сезінетін болған.
"Айтқан сөзді тыңдап, түсініп отырады. 7 жасқа толғанда 1-топ мүгедектік туралы анықтама берілді. Өзіміз зейнеттегі ата-апамыз. Ұлым келініммен ажырасып кеткен. Бала ауырғанын білген соң біздің қолымызда қалды. Қазір анасы басқа отбасын құрып кетті. Ұлым басқа қалады. Әскери қызметте, отбасын құрмады", - дейді Айлананың әжесі.
Баланың болашағына алаңдап, емдетуге бар күш-жігерін жұмсап жүрген зейнеткердің ендігі арманы - немересін аяққа тұрғызу.
"2025 жылдың қаңтар айында бізге Қытайдың Юньчэн қаласындағы Шаньси провинциясындағы Халықтық емхананың неврология бөлімінен шақырту келді. 01.08.2025 жылы Айлананы ем қабылдауға тіркедік. Емге 17 138 АҚШ доллары қажет. Бұл жолақысын санамағанда. Емнің ұзақтығы - 3 ай. Айлана қызымыздың жүгіріп ойнап, өз тамағын өзі ішкенін қалаймыз, сол арманымызға жету үшін барша халқымыздан көмек сұрап отырмыз", - дейді әжесі.
Айлананың аяққа тұруына сеп боламын деушілерге төмендегі реквизиттерді ұсынамыз:
Halyk Bank: 4405 6397 5596 4416
Kaspi Gold: + 7 777 265 93 94
Баубаева Кульбану.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2220809-oz-tamagyn-ozi-ishkenin-qalaimyz-8-zhastagy-oskemendik-buldirshinning-azhesi-kopten-komek-suraidy/