jitsu gif

"Анам қуанатын болды": Қорғаныс министрі білімді сарбазға ерекше жеңілдік жасады

Министрдің сұрағына жауап беріп тұрған сарбаз
Министрдің сұрағына жауап беріп тұрған сарбаз. Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатардағы жауынгер Шахман Мұратовтың білімділігіне тәнті болып, барлық сұраққа тосылмай жауап берген сарбазды 10 күндік демалысқа жіберуді тапсырды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы мекемелер мен әскери бөлімдердің инфрақұрылымының жай-күйін зерделеді. Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы авиабазада ол өткен жылы қабылданған жойғыш ұшақтары ұшқыштарын даярлауға арналған жаңғыртылған тренажер кешенімен танысты.

"Қорғаныс ведомствосы ұшу құрамын сапалы оқытуға мүдделі. Пайдалануға берілген жоғары технологиялық тренажер кешені әскери ұшқыштарды даярлау процесін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді", – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Модульдік казармаларды аралап жүріп генерал-полковник Руслан Жақсылықов мерзімді қызметтің сарбаздарымен әңгімелесті. Қатардағы жауынгер Шахман Мұратов қойылған барлық сұраққа нақты және дұрыс жауап бере отырып, жалпыәскери жарғылар туралы мінсіз білімін көрсетті. Міндеттерін адал әрі мінсіз атқарғаны үшін Қорғаныс министрі бөлім командиріне Шахман Мұратовқа үйіне барып келуге 10 күндік демалыс беруді тапсырды.

"Бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Анам қуанатын болды. Менің үйге баруым ерекше тосын сый болады", – деп сарбаз қуанышын жасырмады.

Мерзімді әскери қызмет өткеру үшін Шахман Мұратов университеттен академиялық демалыс алып, өткен жылдың қараша айында әскери комиссариатқа келген болатын. 31775 әскери бөлімінде ол жаяу әскер жауынгерлік машинасының жүргізуші-механигі қызметін атқарады. Демалысын үйінде ата-анасымен, әжесімен, 4 әпкесі және 2 ағасымен бірге өткіземін деп отыр.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағандыдағы республикалық "Жас ұлан" мектебінің оқытушылар құрамымен кездесуде министр тәрбие және идеологиялық жұмыстың маңызды аспектілеріне назар аударып, тәрбиеленушілердің бойындағы патриотизмді бала кезден қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Қорғаныс ведомствосының басшысы байланыс батальоны мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына да барды. Осы бөлімшелердің жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын бағалағаннан кейін ол техникалық жабдықталуын жақсарту және жеке құрамды даярлау бойынша бірқатар тапсырма берді.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.