Зектілері

Алматыда "Сергек" жүйесі көлікті тұраққа қою ережесін бұзғандарды да тіркей бастады

Жарияланған күні:

Көлік
Автотұрақтағы көліктер. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда "Сергек" бейнебақылау жүйесі көлікті тұраққа қою ережесін бұзған жүргізушілерді де түсіре бастады. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бейнебақылау камералары тәжірибе жүзінде Сәтбаев көшесінің бойымен Достық даңғылынан Уәлиханов көшесіне дейін, оңтүстік және солтүстік жағында іске қосылды.

Мұнда бейнебақылау жүйесі көліктерді тұраққа қою ережелерін бұзу жағдайларын, соның ішінде екінші қатардағы тұрақтарды да анықтайтын болады.

Алматы қаласының әкімшілік полициясы жол қозғалысына қатысушылардың назарына Қазақстан Республикасының Жол-қауіпсіздік ережесінің 85-тармағына сәйкес, конфигурациясы (жол бөлігін жергілікті кеңейту) көлік құралдарын басқаша орналастыруға мүмкіндік беретін орындарды қоспағанда, жол бөлігінде жол жиегіне параллель бір қатарда көлік құралын қоюға рұқсат етілетінін ескертті.

Ал аталған ереженің 87-88-пункттерінде көлiк құралының басқа көлiк құралдарының жүруіне мүмкiндiк бермейтiн (кіру немесе шығу) немесе басқа көлiк құралдарының қозғалысына кедергi туғызатын (кептелiс) орындарда тоқтауға тыйым салынады.

Сондай-ақ басқармада Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 597-бабының 3-тармағына сәйкес, "Көлік құралдарын басқа көлік құралдарының жүріп-тұруына кедергі жасауға әкеп соқтыратын жолдың жүріс бөлігінде тоқтату немесе қою қағидаларын бұзғаны үшін айыппұл 10 АЕК-ті құрайды (39 мың 320 теңге, 7 күннің ішінде төленсе, 5 АЕК - 19 мың 660 теңге).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221434-almatyda-sergek-zhuiesi-kolikti-turaqqa-qoiu-erezhesin-buzgandardy-da-tirkei-bastady/