Зектілері

Биыл көктемде ауа райы қандай болады: синоптиктер болжамды жария етті

Жарияланған күні:

бүршік атқан ағаш
Бүршік атқан ағаш. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

"Қазгидромет" көктемге арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің болжамынша, наурыз-мамыр айларында күн райы тұрақсыз болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Наурыз - мамыр айларындағы консультативтік ұзақ мерзімді болжамына сәйкес, Қазақстан аумағында температуралық фон әдеттегіден жылырақ, яғни нормадан 1-2 градусқа жоғары болады, алайда кей кезеңде ауа температурасы төмендеуі мүмкін.

Синоптикалық процестердің жиі өзгеруі салдарынан аралық мезгіл өте тұрақсыз болады, сондықтан көктемде табиғаттың тосын сыйлары да болуы мүмкін. Мысалы, суық ауа массалары келген кезде қатты қар жаууы, солтүстік аймақтарда бұрқасын соғуы, ал арктикалық суық ауа келген жағдайда үсік жүруі мүмкін. Орталық Азия аймақтарынан келетін жылы ауаның әсерінен ауа температурасы көтеріледі. Бұл әсіресе сәуір және мамыр айларында болуы мүмкін. Өткен жылы, мысалы, сәуір айының ортасында республиканың көптеген облысында жаздағыдай жылы ауа райы орын алып, термометр бағаны +22+30°С көрсеткен.

Көктемде жауын-шашын мөлшері мынадай болуы мүмкін:

- наурыз айында республиканың басым бөлігінде нормадан көп, елдің оңтүстік-батыс жартысында (Маңғыстау облысында, Қызылорда, Түркістан басым бөлігінде, Жамбыл облысының солтүстік-батысында, Ақтөбе және Ұлытау облыстарының оңтүстігінде) нормаға сай жауын-шашын жауады.

- сәуір айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын нормаға сай, республиканың солтүстік-батыс жартысында (Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында және Ақмола облысының солтүстік-батысында) нормадан көп болады деп күтіліп отыр.

- мамыр айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде жауын-шашын нормаға сай, елдің оңтүстік-батыс бөлігінде және орталығында нормадан аз (Маңғыстау, Ұлытау, Қарағанды облыстарында, Қызылорда облысының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының солтүстігінде), қиыр солтүстікте, елдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығысының таулы, тау бөктерлі аудандарында (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының солтүстік-батысында, сондай-ақ елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының, шығысының таулы және тау бөктерлі аудандарында) - нормадан көп жаууы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221499-biyl-koktemde-aua-raiy-qandai-bolady-sinoptikter-bolzhamdy-zhariia-etti/