Шерзат ісіне қатысы бар күдіктілердің туған күн тойлауы: 16 басшы мен қызметкер жазаға тартылды
Жарияланған күні:

Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторында болған жағдайда қатысты ішкі істер министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілген.
"Бейнетүсірілімді УҰИ-дің бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап, жүргізгені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, жұмыстан қуылды. Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейінгі қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылған.
"Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді. Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды", - деп жазады Polisia.kz.
Айта кету керек, демалыс күндері желіде бір топ ер адамның, болжам бойынша уақытша ұстау изоляторында отырғандардың туған күнін тойлап жатқан видеосы тараған. Видео авторы кадрларда Шерзат ісіне қатысы бар күдіктілер екенін алға тартқан. Аталған жайтқа қатысты Алматы облысы ПД баспасөз қызметі пікір білдірді. "Уақытша ұстау изоляторында қамауға алынғандардың бірінің туған күнін тойлап жатқандардың видеосы тарап кетуіне байланысты жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық кінәлі тұлға, оның ішінде басшылық қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221839-sherzat-isine-qatysy-bar-kudiktilerding-tugan-kun-toilauy-16-basshy-men-qyzmetker-zhazaga-tartyldy/