Зектілері

"Әсері атом бомбасынан кем болмай тұр": Қазақстанда TikTok әлеуметтік желісіне жас шектеуін қою ұсынылды

Жарияланған күні:

TikTok әлеуметтік желісі
TikTok әлеуметтік желісі. Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Аманат" фракциясының депутаттары Қазақстанда кәмелет жасына толмаған балалардың TikTok әлеуметтік желісін пайдалануына қатаң шектеу қоюды немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Аманат" фракциясының депутаттары – Жанарбек Әшімжан, Елнұр Бейсенбаев, Аманжол Әлтай, Қазыбек Әлішевтің премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалын Жанарбек Әшімжан оқыды.

"Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр", - дейді депутат.

Оның сөзінше, былтыр әріптестері TikTok платформасының қоғамдағы кері әсерін айтып, дабыл қаққан. Алайда мәселе оң шешімін таппаған.

"Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгермеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз", - дейді Жанарбек Әшімжан.

Депутаттың дерегінше, соңғы екі жылда TikTok платформасына 14,1 млн қазақстандық тіркелген. Бұл желінің негізгі тұтынушылары – балалар мен жастар.

"Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, балағат сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралуда. Жасөспірімдердің TikTok-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысып отыр. Соның салдарынан ұлттық құндылықпен сусындамаған жас ұрпақ өсіп келеді.

"Осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында TikTok-қа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда.

Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.

Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар... Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес.

Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады.

Сондықтан ұрпағымызды TikTok-тан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр", - дейді депутаттық сауалды оқыған Жанарбек Әшімжан.

Осы орайда "Аманат" фракциясының депутаттары үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынып отыр.

  • "TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою.
  • Елімізде TikTok-ты кәмелет жасына толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек деп есептейміз.

Сауалға заңда көрсетілген мерзімге сай жауап беруіңізді сұраймыз", - дейді "Аманат" фракциясының депутаттары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221977-aseri-atom-bombasynan-kem-bolmai-tur-tiktok-aleumettik-zhelisine-zhas-shekteuin-qoiudy-usyndy/