Уақыт белдеуінің ауысуы: ШҚО-дағы ауданда жұмыс күні бір сағатқа ерте басталып жүр
Опубликовано:
ШҚО-ның Катонқарағай ауданында биылдан бастап мемлекеттік және әлеуметтік мекемелер үшін жаңа жұмыс кестесі пилоттық режимде енгізілді. Жаңа тәртіп бойынша жұмыс уақыты 08:00-ден 17:30-ға дейін деп белгіленді. Бұл режимге ауданның 40 мекемесі көшіп отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Altainews.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым тілшісінің жазуынша, Катонқарағай ауданы әкімінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №49 өкімімен 2025 жылғы 5 қаңтардан бастап аудан әкімі аппаратының, ауылдық округтердің, дербес бөлімдердің қызметкерлеріне жұмыс уақыты 08.00-ден 17.30-ға дейін, түскі үзіліс 12.00-ден 13.30-ға дейін белгіленіп отыр.
"Катонқарағай ауданындағы жұмыс күнінің 8.00-де басталуы табиғи ортаға, жергілікті халықтың тұрмыс салтына және экономикалық белсенділікке сай келетін пайдалы шешім болды деп ойлаймыз. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, өңірдің дамуына оң ықпал етеді", - дейді Катонқарағай ауданы ішкі саясат бөлімінің мамандары.
Басылым тілшісі былтырғы желтоқсанда облыстың бірқатар басқарма басшылары топ болып, екікүндік іссапармен Катонқарағай ауданына барғанын атап өтті. Олар Өрел, Аршаты, Берел, Жамбыл, Қайыңды, Қызылжұлдыз, Аққайнар, Еңбек, Шыңғыстай, Жаңаүлгі, Қабырға, Белқарағай, Өрнек, Топқайың, Барлық, Коробиха, Ақсу ауылдарында болып, тұрғындарымен кездескен.
Сол кездесулерде жұмыс уақытын сағат 8:00-ден бастау туралы ұсыныс талқыланып, халықтың жұмыс кестесін өзгерту туралы пікірі тыңдалған. Жиналған қауым мұның тиімді жақтары туралы ой-пікірлерін ортаға салған. Нәтижесінде барлық ауылда тұрғындар жұмыс күнін таңғы 8.00-ден бастауды бірауыздан қолдап, дауыс берген.
Жаңа жұмыс режимі енгізілгеннен кейін бір жарым ай өткен соң Altainews.kz тілшілері аудан тұрғындары арасында шағын сауалнама жүргізген. Көпшілік жұмыс күнінің ерте басталуын оң бағалап, бұл өзгерісті қолдайтындықтарын білдірген.
Егер бұл тәжірибе өз тиімділігін дәлелдесе, алдағы уақытта өзге аудандарда да кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан былтыр 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне өткен еді. Осылайша, ел аумағы түгелдей бірыңғай уақытқа көшті.
Алайда осыдан кейін уақыт белдеуін қайта бұрынғы қалпына келтіру жөнінде көптеген пікір айтылып, тіпті петиция жарияланып, қажетті 50 мың қол жиналды.
Кейін үкімет уақыт белдеуі бойынша ұстанымын жариялап, UTC+5 біздің еліміз үшін жаңа белдеу емес, тарихи негізделген уақытқа оралу екенін мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2222328-qazaqstannyng-bir-ongirinde-zhumys-kuni-bir-sagatqa-erte-bastalyp-zhur/