Зектілері

Көрнекті жазушы Дулат Исабеков өмірден өтті

Жарияланған күні:

Дулат Исабеков
Дулат Исабеков. Фото: Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасы/facebook

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді.

Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді.

Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – делінген жеделхатта.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қазақтың қайталанбас қаламгері Дулат ағамыздың қазасына орай күллі қазақ еліне қайғыра көңіл айтып, Facebook желісіндегі парақшасында жазба жариялады.

"Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді. Оның шығармалары талай буынның санасына ой салып, жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятының қазынасына айналды.

Ағамызбен біз де көп жылдар бойы етене жақын араласып, ақыл-кеңесі мен өнегесіне қанық болдық. Адами биік қасиеттерін, даладай кең пейілін жақыннан таныдық.

Соңғы кездерде апамыз өмірден өткеннен кейін көңілі түсіп, жаны жүдеп жүргендей көрінген. Отадан шыққаннан кейін Алматыда арнайы жағдайын сұрап барғанымызда мұқалмас рухына, биік болмысына тағы бір куә болып, әлі де көп жас жасарына тілек етіп едік. Амал қанша?! Дулат ағамызбен бірге бір дәуір көшкендей.

Дегенмен қаламгердің өлмес туындылары уақытпен бірге жасай береріне сенеміз.

Жазушының өлшеусіз еңбегі халықтың жүрегінде, жарқын бейнесі мен мол мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өз атымнан жазушының отбасы мен туған-туыстарына тағы да қайғыра көңіл айтамын.

Ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын!", - деп жазды Балаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2222888-kornekti-zhazushy-dulat-isabek-omirden-otti/