Зектілері

"Оқу корпусында түнеп, спортзалда тамақтанады": Закиева Алматы облысындағы мектеп-интернаттағы "ауыр жағдай" туралы айтты

Жарияланған күні:

мектеп-интернат
Мектеп-интернат. Фото: instagram.com/zakiyevadinara/

Балалар омбудсмені Динара Закиева Алматы облысындағы И. Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатында балалардың "ауыр жағдайда" өмір сүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Закиеваның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазуынша, "Балалар қорғауда" қорының жетекшісі Жанна Ахметовамен бірге Алматы облысында орналасқан И. Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатындағы балалардың өмір сүру жағдайын зерттеген.

"6 жастан асқан 170 бала интернатта ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр. Үш жыл бұрын мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары басталғанымен, мердігер оны аяқтамай, жосықсыз деп танылған. Соның салдарынан балалар жартылай қираған ғимаратта тұруға мәжбүр, оқу корпусында түнеп, спортзалда тамақтанады, ал санитарлық-гигиеналық нормалар бұзылып отыр.

Бұл мәселені және облыстағы балалар қауіпсіздігіне қатысты тағы екі маңызды сұрақты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесу барысында талқыладық. Әкімдік жөндеу жұмыстарын аяқтау немесе жаңа интернат салу мәселесін қарастырды. Алайда балалардың қазіргі қиын жағдайда қалмауы үшін оларды жақында жөндеуден өткен және бос орындары бар басқа интернатқа көшіру туралы шешім қабылданды", - деп жазды Динара Закиева.

Сондай-ақ кездесуде Психологиялық қолдау орталығының жұмысы мен қорғаншылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру мәселесі көтерілген.

"Қабылданған заңға сәйкес, 5000 балаға 1 қызметкерден келуі керек. Осылайша, облыста 109 қызметкер болуы тиіс, әр ауданда шамамен 10 маманнан. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуі, балаларды қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын сапалы жүргізу үшін өте маңызды, әсіресе өңірдегі зорлық-зомбылыққа қатысты күрделі жағдайды ескере отырып", - дейді ол.

Бұдан бөлек, Динара Закиева өңірлік уәкіл Айгүл Есімбековамен және Психологиялық қолдау орталығының ұжымымен кездескенін атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі таңда орталықтың кураторлары мектептерді аралап, суицидтің алдын алуға арналған бірыңғай бағдарлама енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2223027-balalar-oqu-korpusynda-tunep-sportzalda-tamaqtanady-zakieva-almaty-oblysyndagy-mektep-internattagy-auyr-zhagdai-turaly-aitty/