Зектілері

Қазақ елі белгілі жазушы Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды (видео)

Жарияланған күні:

Дулат Исабеков
Дулат Исабеков. Фото: Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасы/facebook

Қазақ елі белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қазақстан жазушылар одағының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Қазақстан жазушылар одағында қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері, көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековпен қоштасу рәсімі өтті.

Қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушының қаламдас достары, оқырмандары мен туған-туыстары жиналып, қазақ руханиятының орны толмас қазасына ортақтасқан.

Жиында Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов сөз сөйлеп, Дулат Исабековтің қазақ әдебиеті мен руханиятындағы шоқтығы биік орнын атап өткен. Ол жазушының қаламгерлік қуаты мен азаматтық болмысы жайлы әңгімелеп, қаралы қауымға көңіл айтқан.

Сондай-ақ мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, мемлекет тарапынан қаламгер еңбегінің жоғары бағаланғанын жеткізген.

Жиында театр және кино өнерінің тарланы Асанәлі Әшімов те сөз алып, Дулат Исабековпен өткізген жарқын күндер жайлы естеліктерін бөліскен. Ол жазушымен бірге өткен ғұмыр жолының сәттерін, Дулат Исабековтің қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін тебірене еске алған.

Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік Дулат Исабековпен болған достығының мән-маңызына тоқталып, оның шығармашылық келбеті мен адами қасиеттерін сағынышпен баяндаған.

Бұдан бөлек, жиында мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбішев, жазушы Бексұлтан Нұржеке, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин сөз алып, қазақ руханиятының ауыр қайғысына ортақтасып, Дулат Исабековтің қазақ әдебиетіндегі қайталанбас қолтаңбасын атап өткен.

"Дулат Исабеков – қазақ прозасының шебері, драматургияның дарабозы, ұлттық руханияттың алып тұлғасы еді. Оның шығармалары ел жадында мәңгі сақталады, ал оның әдеби мұрасы келешек ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз.

Қазақ әдебиетінің қаралы күнінде жиналған жұртшылық оның рухына тағзым етіп, соңғы сапарға шығарып салды", - делінген Қазақстан жазушылары одағының хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Дулат Исабеков 82 жасында дүниеден өтті.

Жазушының қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көңіл айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2223074-qazaq-eli-zhazushy-dulat-isabekovti-aqtyq-saparga-shygaryp-saldy/