Зектілері

"Үш бөлменің алты қабырғасын алып тұр": үйінде 16 мыңға жуық кітап сақталған оралдық қария туралы не білеміз (видео)

Жарияланған күні:

Тихон Әліпқалиев
Тихон Әліпқалиев. Видеодан кадр: 24.kz

Бар ғұмырын журналистика мен жазуға арнаған оралдық Тихон Әліпқалиев – еліміздегі ең бай кітапхана иелерінің бірі. 82 жастағы ақсақалдың үйінде 16 мыңға жуық кітап сақталған, деп хабарлайды 24KZ.

Тихон Әліпқалиев кітап жинауды институт қабырғасынан бастаған.

"Мен үшін ең қиыны каникулға кеткенде кітаптарымды қалдыратын жер табу болатын", - дейді ол.

Ардагер журналистің кітап қорындағы шығармалардың ең көнесі Сәбит Мұқановтың 1935 жылы басылған "Теміртас" романы болса, Қажым Жұмалиевтің "Қазақ әдебиеті" де антиквариаттар қатарында. 

"1948 жылы Жұмалиев, Есмағанбет Смайыловтар жазған "Қазақ әдебиеті" деген екі томдық кітап бар. Бір томын мен алғанмын. Сонда Қажым Жұмалиев Кенесары-Наурызбай жырлары деген тақырыпта Кенесары мен Наурызбайды мадақтап жырлаған жырларды зерттеп, сол жөнінде пайымдау тұжырым жасаған ғой. Сол үшін Қажым Жұмалиев халық жауы атанып, ұзақ жылға сотталған", - дейді Тихон Әліпқалиев.

Әдеби шығармалардан құралған кітапхана бертін келе ғылыми-танымдық туындылармен толыққан. Тихон Әліпқалиев әдебиет алыптарынан Ғабит Мүсіреповті жоғары бағалайтынын, ал шетел классиктерінің ішінде Тургеневті қатты бағалайтынын айтады.

Қарияның жары Сара Танабаеваның айтуынша, отағасына өмір бойы қолдау танытып келеді. Қай қалаға барса да, үйге базарлыққа кітап алатынын, жұбайына неге кете кітап алып жатырсың деп ренжуге болмайтынын айтады.

"Пенсиясы негізінен кітапқа кетеді", - дейді ол.

Бүгінде Тихон Әліпқалиевтың кітапханасында 16 мыңға жуық кітап бар. Әлем классиктерінің туындыларынан бастап ғылыми-танымдық еңбектерге дейінгі қазына үш бөлменің алты қабырғасын толықтай алып тұр. Үйге сыймағасын бірқатары балконда болса, енді біразын басқа үйге қойған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2223186-pensiiasy-negizinen-kitapqa-ketedi-uiinde-16-myngga-zhuyq-kitap-saqtalgan-oraldyq-qariia-turaly-ne-bilemiz-video/