"Қытайдан көлік сатып алмақ болған": шекарадан 47 мың АҚШ долларын алып өтпек болған тұрғын сот алдына келді
Жарияланған күні:

Қытайдан көлік сатып алу үшін шекарадан қомақты қаржы алып өтпек болған қазақстандыққа 4,5 млн теңге айыппұл салынып, мемлекет пайдасына 37 300 АҚШ доллары тәркіленді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғарғы соттың мәліметінше, Қытайдан көлік сатып алмақ болған Жетісу ауданының тұрғыны валюта айырбастау пунктінен 47 300 АҚШ долларын сатып алған. Бұл ақша "Нұр жолы" өткізу бекетінде кедендік тексеру кезінде оның қол жүгінен табылған.
Кеден заңнамасына сәйкес азамат 10 мың АҚШ долларынан аспайтын ақша алып жүруге құқылы. Осы шектен асатын сомалар міндетті түрде жазбаша декларациялануға жатады.
"Жетісу облысының Панфилов аудандық соты тасымалданған ақшалай қаражатты рұқсат етілген мөлшерден асырып жіберген құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс материалдарын зерделей келе, оның осы соманың жартысы екі досқа тиесілі екендігі туралы түсініктемелерін есепке алмаған, себебі бұл туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.
Құқық бұзушының құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, тауарларды және олар бойынша құжаттарды ұстау актілерімен, түсіндірмелермен, кедендік тексеру хаттамаларымен, бейнежазбалармен және басқа да іс материалдарымен расталып отыр.
Сот құқық бұзушының кінәсін мойындамауын қорғау және әкімшілік жауапкершіліктен жалтару құралы ретінде қарастырды.
Сот куәлардың айғақтарына сыни көзқараспен қарады, өйткені олар құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершіліктен босатуды көздеген. Сондай-ақ қаражатпен ұсталған күннен бастап іс сотта қаралғанға дейін куәгерлердің ешқайсысы өздерінің мүліктік құқықтары мен мүдделерінің бұзылғаны туралы билік органдарына немесе сотқа шағым түсірмеген.
Құқық бұзушының рюкзактарынан 47 300 доллар табылғаны дау туғызбайды. Жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ", - делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.
Ұлттық банктің мәліметінше, заңбұзушылық орын алған кезде АҚШ долларының бағамы 484,19 теңге болған.
Сот құқық бұзушылықтың сипаты мен белгіленген мән-жайларды ескере отырып, құқық бұзушыны ӘҚБтК-нің 551-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған. Оған әкімшілік жаза ретінде 4,5 млн теңге айыппұл салынып, мемлекет пайдасына 37 300 АҚШ доллары тәркіленген.
Міндетті декларациялау шегінен аспайтын 10 000 АҚШ доллары құқық бұзушыға – иесіне қайтарылған.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2223495-qytaidan-kolik-satyp-almaq-bolgan-shekaradan-47-myng-aqsh-dollaryn-alyp-otpek-bolgan-turgyn-sot-aldyna-keldi/