Зектілері

Қарыз алып, ауызашар беруге бола ма: бас мүфти жауап берді

Жарияланған күні:

Дастархан
Дастархан. Көрнекі фото: gov.kz

Қарыз алып, ауызашар беруге бола ма? Бұл сұраққа елордада өткен баспасөз мәслихатында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жауап берді, деп хабарлайды Kazinform.

Еліміздің бас мүфтиінің айтуынша, шариғат бойынша жайылатын кез келген дастарханда ысырапқа жол бірілмейді.

"Ислам дініміз адамға ешқашан қиыншылықты бұйырмайды. Сондықтан шамасы келген адам садақа мен ауызашар береді. Қарызға батып, ауызашар бергеннен гөрі, ауызашар беруге ниет қылып, яғни кішкене құрма немесе бір жұтым суды ауызашар ретінде берсе, соның өзі жеткілікті. Осы арқылы ауызашардың сауабын алады", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Осы ретте бас мүфти қасиетті Рамазан айы қарсаңында арнайы MuftyatBot деп аталатын Telegram-бот іске қосылғанын еске салды. Жаңа Telegram-бот арқылы жалпы діни сұрақтарға жауап алуға болады. Яғни бұл жоба шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған.

Сондай-ақ мүфтият жанындағы Діни ақпарат беру, яғни колл орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Колл орталықтың нөмірі – 8 707 233 30 30.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталып, 29 күнге созылады. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2223582-qaryz-alyp-auyzashar-beruge-bola-ma-bas-mufti-zhauap-berdi/