Ақтөбе облысындағы 10-сынып оқушысының өлімі: іс сотқа жолданды
Жарияланған күні:

Ақтөбе облысы Қопа ауылындағы жасөспірімнің өлімі бойынша іс сотқа жолданды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақтөбе облыстық прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Темір ауданының Қопа ауылында мектеп оқушысының абайсызда өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру фактісі бойынша қылмыстық іс жолданған.
Істі облыстық полиция департаменті тергеп, процестік прокурор тағайындалған, ол толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз еткен.
"Анықталғаны, өткен жылдың 2 қыркүйегінде Темір ауданының Қопа ауылында 10-сынып оқушылары 11-сынып оқушыларының нұсқауымен 9-сынып оқушыларын "тәрбиелік мақсатта" ұрып-соққан. Салдарынан кәмелетке толмаған Сыдық Н. ауыр дене жарақаттарынан көз жұмды.
Тергеу барысында 6 кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынды. Олардың біреуі ҚК 106-бабының 3-бөлігі (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) бойынша сотқа берілді, ал қалған бесеуі ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) және 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасауды ұйымдастырғаны (Қылмысты ұйымдастыру, ҚР ҚК 28-бабы 3-бөлігі) үшін жауапқа тартылып жатыр", - делінген хабарламада.
Сотта мемлекеттік айыптауды процесс прокуроры қолдайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2223632-aqtobe-oblysyndagy-zhasospirimning-olimi-is-sotqa-zholdandy/