"Қорқып кетіп, жүрегі жарылып кеткен": Ақтөбеде көз жұмған бірінші сынып оқушысының әкесі оқиға туралы айтты
Жарияланған күні:

Ақтөбеде мектепке бара жатқан бірінші сынып оқушысы көз жұмды. Қайғылы оқиға бүгін таңғы жеті жарымның шамасында болған. Мектепке бара жатқан жеті жасар балаға үйінің алдынан ит жүгіріп шығып, бала содан шошып кеткен. Жерге сылқ құлаған бала сол жерде жан тапсырған, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Аталған оқиға туралы телеарна тілшілері марқұм баланың әкесінен пікір алған.
"Ит болды. Ұстап алып кетті өздері мына арада. Овчарка ит, қызыл болды. Білмеймін үстіне секіріп жіберді. Қорқып кетіп жүрегі жарылып кеткен. Сол шындық. Мамасы артынан шыққан апасы екеуі", - дейді әкесі (ескерту - әкесінің сөзін сол қалпында бердік).
Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу- тексеру шаралары басталды. Бірнеше сараптама тағайындалған. Полицияның мәліметінше, денесінде ешқандай жарақат жоқ. Дәрігерлер де баланың бұрын соңды ешқандай туа біткен диагнозы болмағанын айтып отыр.
"103 уақытылы 5 минут арасында келіп көмек көрсеткен. Бригада келгенде бала үйінде анасының қасында болған. Балада клиникалық өлім болған. 30 минут шамасында барлық реанимациялық іс-шара өткізілген, алайда нәтижесіз болуына байланысты өлім тіркелді", - дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2224628-qorqyp-ketip-zhuregi-zharylyp-ketken-aqtobede-koz-zhumgan-birinshi-synyp-oqushysynyng-akesi-oqiga-turaly-aitty/