Биыл Түркістан облысында Наурыз мейрамы 10 күн бойы тойланады
Жарияланған күні:

Биыл Түркістан облысында Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, 14-23 наурызда өңірде түрлі шаралар өтеді.
"14 наурыз – "Көрісу күні – амал мерекесіне" орай Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы "Шәмші" аллеясында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының көрісу рәсімі өтеді. Аталған шарада қос өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, этнос өкілдері мен өнерпаздары кездесіп, көрісу күні орындалатын барлық рәсімді бірлесе атқаратын болады. Сондай-ақ осы күні "Наурыз – жақсылықтың жаршысы" атауымен облыстық челленж ұйымдастырылады.
15 наурыз – "Қайырымдылық" күні ретінде аталып өтеді. Бұл күні аудан-қалаларда, ауылдарда жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өтеді. Сонымен қатар "Мейірім – жүректен, қайырым – білектен" облыстық шарасы аясында қоғамның осал топтарына, соғыс, еңбек ардагерлеріне, батыр аналарға арнайы сыйлықтар тапсырылады.
16 наурызда "Шаңырақ" атауымен барлық мектепте, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады.
17 наурызда – "Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні" деген атаумен барлық мәдениет мекемесінде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртатын сахналық көріністер ұйымдастырылады.
18 наурыз – "Ұлттық киім күні". Бұл күні Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері ұлттық киім кию челленжін бастайды.
19 наурыз – "Жаңару күні" деп аталады. Бұл күні барлық өңірде тал көшеттерін егу жұмыстары ұйымдастырылады.
20 наурыз – "Ұлттық спорт" күнінде барлық өңірдегі спорт кешендері мен атшабарларда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
21 наурызда – "Қош келдің – Әз Наурыз!" деген атаумен Түркістан қаласындағы "Керуен" сарайы аумағында мерекелік салтанатты іс-шара жоспарланып отыр. Бұл шараға облыс әкімі қатысады. Мейрам қазақ эстрада жұлдыздары қатысатын "Ән мен әнші Түркістан төрінде" концерттік бағдарламасымен қорытындыланады.
22 наурыз – "Жыл басы" күні Түркістан қаласы мен барлық аудан-қаладағы орталық алаңдар мен саябақтарда көрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындар мереке көркін қыздырады. Сондай-ақ "Конгресс холл" кешенінде Республикалық ақындар айтысы, Түркістан музыкалық драма театрында 2 күн бойы "Вальс королі" қойылымы көрермен назарына ұсынылады.
23 наурыз – "Тазару" күні облыс көлемінде жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, аудандар мен қалаларда тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2225321-biyl-turkistan-oblysynda-nauryz-meiramy-10-kun-boiy-toilanady/