Зектілері

"Шаһар шөгіп кете ме": Кентау тұрғындары тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қақты

Жарияланған күні:

Кентаудағы тұрғын үйдің қабырғасы
Кентаудағы тұрғын үйдің қабырғасы. Фото: Almaty.tv

Кентауда жер асты сулары көтеріліп, тұрғын үйлерге қауіп төне бастады. Тіпті пәтерлер қабырғасындағы жарығы күн санап үлкейіп барады. Жергілікті тұрғындар мәселе жақын арада шешілмесе, үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кенді шаһар тұрғындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Себебі пәтерлердің қабырғалары мен жоғарғы бөлігі жарылып жатыр. Жұрт жертөлеге толып қала беретін суды қанша рет тазалатқанмен, пайда жоқ. Себебі жер асты суы қайта-қайта көтеріліп кете беретін көрінеді. 

"2020 жылы экологиялық жоба қарастырылды. Ауыз су, жер асты суы институт қызметкерлері, арнайы органдар қатысты. Зерттеу жұмысын жүргізіп, қала  суға шөгетіні айтылды", – деді Кентау қаласының тұрғыны Бақтияр Ғафуров. 

Ал жергілікті билік мәселені шешу үшін тұрғын үйдің дәл жанынан арнайы құдық қазған. Алайда тұрғындар "жағдайды одан да ушықтырып жіберді" дейді. Себебі көктем сайын жертөле суға толып қала береді.

"Іргемізден құдық қазды. Асфальттен ары 800 метр қашықтықтағы нәрсені үйдің дәл жанына құдық қазып, 300 метр тереңнен су шығарды", – деді Кентау қаласының тұрғыны Дастан Айтпенов.

Телеарнаның мәліметінше, Кентауда жер асты суы 2004 жылдан бері қауіп төндіріп келеді. Жауаптылар үйлерге қаншалықты зақым келгенін арнайы тексерістен кейін ғана айтады.

"Жер асты суының жарылуын бірден көріп айта алмаймыз. Кентау қаласында 6 үй апатты деп танылған. Бірақ олардың себебін жер асты сулары деп айта алмаймыз. Себебі 5 қабатты, 2 қабатты үйлер отырып қалып, көшіру жұмысын жүргізіп жатырмыз", – деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов.

Жер асты суының көтерілу себебін министрліктен келген арнайы комиссия анықтамақ. Ал оған дейін тұрғындардың қабырғасы жарылып, сылағы түскен үйде амалдауына тура келеді. 

Авторы: Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2225492-shahar-shogip-kete-me-kentau-turgyndary-turgyn-uilerge-qauip-tonip-turganyn-aityp-dabyl-qaqty/