Алматы облысында 3 бала ескі вагонды 2 жыл пана еткен
Жарияланған күні:

Алматы облысында кәмелет жасына толмаған 3 бала адам шошырлық жағдайда өмір сүріп келген. Олар Алатау қаласына қарасты шаруа қожалығының аумағындағы ескі вагонды 2 жыл пана еткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Телерарна тілшісінің хабарлауынша, кәмелетке толмаған 3 баласы бар жанұя қала шетіндегі шаруа қожалығындағы ескі вагонды пана еткен. Іші қараңғы, сыз тартады. 15, 5 және 3 жастағы балалар мұнда анасымен және оның көңілдесімен тұрған. Бозбала физикалық қорлық та көрген. Жағдайды көзбен көрген құзырлы орган өкілдері әйел мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығына орналастырған.
"Егер ата-анасы ішіп кетіп, балаларға қарамаған жағдайда, мобильді топ құрып, комиссияның шешімі бойынша ата-ана құқығынан айыруға болады. Біздің міндетіміз – баланың және жәбір көрген, зорлық-зомбылық көрген ананың құқығын қорғау", - дейді Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Ләйлә Кеңесханқызы.
Сондай-ақ Алатау қаласына қарасты ауданда тұрмысы нашар тағы бір отбасы анықталған. Чикиндер отбасында еңбек етіп, табыс табар ешкім жоқ. Отағасы денсаулығына байланысты көшеге шыға алмайды, ал анасы 2 балаға қараумен әлек.
Татьяна Чикинаның айтуынша, соңғы жылдары олар бір зейнетақыға қарап қалған, содан тұрмыстары күрт нашарлап кеткен. Кенжесі краббе ауруы, яғни ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздігіне шалдыққан. Дер кезінде көмек көрсетпегеннің кесірінен 7 жасқа таяп қалған баланың физикалық жағдайы 4 жастағы баланікіндей дамымай қалған.
Мұндай жағдайларды бақылауға алып, алдын алу үшін Алматы облысының прокуратурасы "Бақытты және қауіпсіз балалық шақ" жобасын қолға алып, мобильді топ құрып, 13 мыңға жуық әлеуметтік осал топтағы отбасын тексерген. Жұмыс барысында анықталған жанұяларға азық-түлік, көмір жеткізіледі.
Арнайы мобильді топ анықтаған қараусыз қалған бүлдіршіндер медициналық тексеруден өтіп, кейбірі ауруханаға жатқызылды. Прокуратура өкілдері мәлім еткендей, жұмыстар үнемі жүргізіліп, жағдайы нашар жанұялар үздіксіз бақылауда болады.
Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, Алматы облысынан
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2226212-alatauda-7-zhasar-bala-ashtyqtan-auyr-dertke-shaldygyp-aqyry-mugedek-bolyp-qalgan/