Қазақстанда су тасқыны қаупі жоғары аймақтар аталды
Жарияланған күні:

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев үкімет отырысында көктемгі кезеңге арналған ауа райы болжамына қатысты жаңартылған деректерді ұсынып, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды атады. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Министрдің мәліметінше, наурыз, сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп күтіліп отыр әрі еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын көп түсуі ықтимал. Бұл су тасқыны қаупінің артуына ықпал етуі мүмкін.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары бар.
Қауіптілігі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары.
Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
"Биыл "Қазгидромет" алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі.
Сондай-ақ өткен аптадан бастап "Қазгидромет" апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса "Қазгидромет" ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды", - дейді Ерлан Нысанбаев.
Ерлан Нысанбаевтың баяндамасын тыңдаған премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді.
"Су тасқыны кезеңінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс. Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етсін", - деді ол.
Сондай-ақ үкімет басшысы жақын арада аталған мәселе бойынша республикалық жедел штабтың отырысын дайындауды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2226956-qazaqstanda-su-tasqyny-qaupi-zhogary-aimaqtar-ataldy/