"Көңіл көншітпей тұр": Ақтөбе облысының әкімі Ойылдағы көпірдің құрылыс барысын сынға алды
Жарияланған күні:

Ақтөбе облысының әкімі Ойыл ауданының аумағын, өзендердің жағдайын жоғарыдан қадағалады. Асхат Шахаров Ойыл ауылының кіреберісіндегі уақытша техникалық көпірдің құрылыс барысын тексерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, бұл көпір қар суына шыдас бермей зақымданған өткелдің орнына салынып, орталықтан уақытша қол үзіп қалған ойылдықтар үшін байланыс болмақ.
Құрылыс учаскесінде 25 арнайы техника және 75-ке жуық адам жұмыс істеп жатыр. Құрылысшылар алдымен тіректерді орнатып, содан кейін жолдың плиталарын төсейді. Жауапты мекеме алдағы екі-үш күнде көпір құрылысын аяқтап, тапсыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол арқылы өтетін қозғалыс та қалпына келтіріледі. Дегенмен мердігер мекеме өкілдері өңір басшысының сынына ілікті.

"Ұйымдастырушылық қабілеттеріңіз көңіл көншітпей тұр. Барлық жағдайды жасап отырмыз. Мемлекеттік сараптама қаңтарда шыққанын білемін. Қаржының бір бөлігі бөлінді. Енді жұмыстарды тезірек аяқтап, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы жол жүруін қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек", - деді облыс әкімі.

Жергілікті тұрғындар өзеннен өту үшін қайықтарды пайдаланып жүр.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, ауылда азық-түлік қоры жеткілікті. Тұрғын үйлер газ, жарық, сумен үздіксіз қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар Асхат Шахаров Ойылдағы балабақша (1,5 млрд теңге) мен мектептің (2,4 млрд теңге) құрылысын да тексерген. Облыстық әкімдік өкілдерінің мәліметінше, қазір жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. 150 орындық балабақша осы жазда тапсырылады деп күтіліп отыр. Ал 320 орынға шақталған білім беру мекемесі жаңа оқу жылында пайдалануға берілуге тиіс.
Өңір басшысы былтыр үйі суға кетіп қалған Екпетал ауылының тұрғыны Құрал Дүйсенғалиевтің үйіне барды. Былтыр ол отбасымен аудан орталығынан салып берген су жаңа баспанаға көшіп келді. Ол аймақ басшысына қазір жаңа үйінде еш қауіпсіз қалыпты жағдайда тұрып жатқандарын айтып ризашылығын жеткізді.
Жұмыс сапары соңында облыс әкімі инфрақұрылымды қайта қалпына келтіріп, ауылдағы тыныс-тіршілікті тез арада қалыпқа келтіру ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын алға тартты.
Ойыл ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Қаратал ауылына да барған.
Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округ әкімі Әділбек Ізбасов өңір басшысына елді мекенді су тасқынынан қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Қараталда бөгет салынды, құрылысына 866 млн теңге бөлінді. Су тасқынының алдын алып, еріген қар суының ағынын дұрыс бағыттау үшін арықтарды тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Сонымен қатар 100 тонна инертті материал, 10 мың қап дайындалып, 10 су сорғыш мотор және 2 қайық сатып алынды.
Былтыр су тасқынынан зардап шеккен барлық ғимарат жөндеуден өтті. Су басқан балабақшаның орнына 60 орындық жаңа ғимарат салынды.
Аймақ басшысы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жаңа балабақшаны да аралап көрді.
Облыс әкімі жүргізіліп жатқан іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, халықты су тасқынынан қорғау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту басты міндеттердің бірі екенін тілге тиек етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2229234-kongil-konshitpei-tur-aqtobe-oblysynyng-akimi-oiyldagy-kopirding-qurylys-barysyn-synga-aldy/