Зектілері

Шиелі ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Жарияланған күні:

Ашылу салтанаты
Ашылу салтанаты: Қызылорда облысының әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапары барысында Ыбырай Жақаев ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.

Салтанатты жиынға парламент сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары келді.

Кешеннің салтанатты ашылу рәсімі
Кешеннің салтанатты ашылу рәсімі. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Аймақ басшысы жұртшылықты мерекемен құттықтап, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

Нұрлыбек Нәлібаев кешеннің ашылу салтанатында
Нұрлыбек Нәлібаев кешеннің ашылу салтанатында. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы "Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз", – деген болатын. Бұл бағытта облыс тұрғындарының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда. Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында "Үстел теннисі" орталығы пайдалануға берілді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион салынуда. Нысан алдағы мамыр айында ел игілігіне табысталады. Жақын күндері Қызылорда қаласында көпбейінді "Қызылорда Арена",  дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады.

Салтанатты ашылу рәсімі
Салтанатты ашылу рәсімі. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Жыл басынан бері Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар елді мекендерінде, Сырдария ауданының Бесарық ауылында жаңа кешендер қолданысқа берілді. Дәл осындай спорт кешені ертең екі ауданда ашылады. Бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ыбырай Жақаев ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына жиналдық. Жаңа спорт ғимараты құтты болсын! Баршаңызды  жыл басы - Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!", - деді Н.Нәлібаев.

Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені
Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Рәсімде Шиелі ауданының дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Қызылорда облысының құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев батасын берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2229891-shieli-audanynda-dene-shynyqtyru-sauyqtyru-kesheni-ashyldy/