"Ер мұғалімдер құрылыс жұмыстарын істеуге мәжбүр": Абай облысында педагогтер директордың әрекетіне шағымданды
Жарияланған күні:

Желіде Абай облысындағы мектеп-интернат мұғалімдерінің директорға қатысты шағымы жарияланды. Педагогтердің айтуынша, директор ер мұғалімдерді жұмысшы ретінде пайдаланған, күмәнді қаражат жинаған. Білім басқармасы өкілдері бұл жағдай былтыр болғанын, қазіргі таңда директор лауазымынан босатылғанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының мұғалімдері директордың әрекеттеріне шағымданы туралы жазба Instagram желісіндегі Abay.today паблигінде пайда болды.
"Ер мұғалімдер демалыс күндері директордың үйінде және фермасында құрылыс жұмыстарын істеуге мәжбүр. Ай сайын педагогтардан "стипендияға" деп 1000 теңге, ал директордың жүргізушісіне үй алу үшін 10 000 теңге жиналған. Жалған жалақы схемасы – кей мұғалімдерге 0,5 ставка қосылып, жалақы түскен соң ол басшылыққа қайтарылады. Директор мен оның екі ұлы сабақ бермесе де, жалақы алады. Олимпиада мен іс-шараларға кеткен жол шығындарын мұғалімдер өз қалтасынан төлейді. Автоүйірмеге қаржы бөлінсе де, сабақтар өткізілмейді.
Асханадағы заңсыздықтар – тамақтану кәсіпкер Джумағалиевтің атында болғанымен, асхананы директордың жұбайы басқарады, ал азық-түлік оның шаруашылығынан жеткізіледі.
Мұғалімдер бұл мәселелер бойынша тиісті органдарға шағым түсіргенімен, нәтиже болмаған. Қазір ұжым екіге бөлініп, шағымданушылар қудалауға ұшырап жатыр", - делінген жазбада.
Бұл жағдайға қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісі Абай облысы Білім басқармасынан түсінік беруін сұрады. Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылдың соңында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының 19 мұғалімі тарапынан мектеп директорының қызметіне байланысты бірқатар шағым келіп түскен.
Шағым негізінде 2024 жылғы 13 қарашада Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаменті тарапынан тексеру жүргізілді. Сонымен қатар Абай облысының білім басқармасы мен облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің қатысуымен қосымша ішкі тексерулер ұйымдастырылды.
"Тексеру нәтижесінде мектеп директоры тарапынан бірқатар заңбұзушылық анықталып, жинақталған материалдар негізінде 2024 жылғы 5 желтоқсанда директорға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. 2024 жылғы 31 желтоқсанда ол лауазымынан босатылды.
Бұл жағдай былтыр болған. Қазіргі таңда білім беру ұйымында тұрақты жұмыс тәртібі қалыптасқан. 2025 жылғы 1 сәуірден бастап "Білім берудегі 1000 көшбасшы" жобасы аясында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатына жаңа директор тағайындалды", - дейді білім басқармасының өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2233670-er-mugalimder-uiinde-qurylys-zhumystaryn-isteuge-mazhbur-abai-oblysynda-pedagogter-direktordyng-areketine-shagymdandy-video/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде