Алдағы жазда 10 мың оқушыға жазғы демалыс тегін ұйымдастырылады
Жарияланған күні:

Алдағы жазда 3,1 миллионнан астам қазақстандық оқушыны сауықтыру, демалысын ұйымдастыру және жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалар іске асырылады. Оның ішінде 500 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы балалар. "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен 10 мың бала жазғы демалысын тегін өткізу мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, жазғы демалыс бағдарламасы әр түрлі бағытты қамтиды: еңбек және шығармашылық белсенділік, туристік және танымдық маршруттар, зияткерлік әрі білім беру іс-шаралары, сондай-ақ халықаралық жобалар мен форумдарға қатысу.
Ұйымдастыру шаралары 9 мемлекеттік органның қатысуымен әзірленген бірыңғай жоспар аясында іске асырылады. Осы мақсатта республикалық және өңірлік деңгейдегі штабтар құрылып, биыл жұмысын бастайтын демалыс орталықтарының тізімі жасақталды.
Сондай-ақ ведомство өкілдері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінгенін мәлім етті. Санитарлық талаптардың сақталуы, тағам қауіпсіздігі, сондай-ақ су айдындарында, ормандар мен спорт нысандарында сақтық шаралары қатаң бақылауда болады.
Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жадынамалар, нұсқаулықтар мен гайдбуктар әзірленіп, балалар мен ата-аналарға таратылатын болады. Өңірлерде "Киелі шығыс", "Ұлы Дала кереметі", Jas galym, "Гастро туризм", "Қонақжай отбасы" сынды бірегей жобалар іске асырылады.
Биыл жыл бойы жұмыс істейтін 16 лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, оның ішінде бірқатарында тамақтандыру қарастырылған, сондай-ақ 512 шатырлы және киіз үй лагерлері кезең-кезеңімен ашылады деп жоспарланып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2233940-aldagy-zhazda-10-myng-oqushyga-zhazgy-demalys-tegin-uiymdastyrylady/