Зектілері

Алматы облысында жүздеген саяжай елді мекендер құрамына енгізілді

Жарияланған күні:

саяжай 10
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысында халық көптен күткен өзекті мәселе — саяжайлардың құқықтық мәртебесін анықтау мен оларды елді мекендер құрамына енгізу жұмыстары қолға алынып жатыр, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Алматы облысының Архитектура және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда өңірде жалпы саны 677 саяжай массиві тіркелген.

Саяжай алқаптарының ең көбі Қарасай ауданында – онда 203 саяжай бар. Талғар ауданында – 151, Еңбекшіқазақ ауданында – 135, Іле ауданында – 118, Жамбыл ауданында – 21, Қонаев қаласында – 9 және жаңадан құрылған Алатау қаласында – 40 саяжай орналасқан.

Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы Алматы облысы бойынша 367 саяжай массивін елді мекендерге қосу үшін қала құрылысы құжаттамасы әзірленіп, бекітілді. Бұл – өңір тарихындағы саяжай мәселесін кешенді түрде шешуге арналған алғашқы әрі маңызды қадамдардың бірі.

Іле ауданы

88 саяжай массиві 8 ауылдың құрамына енгізілді. Атап айтқанда, КазЦИК, Көкқайнар, Жапек батыр, Косөзен, Байсерке, Қоянқұс, Комсомол, Жанаталап ауылдарына тиесілі саяжайлар енді заңды түрде елді мекендер шекарасына кірді. Бұл өзгерістердің барлығы Іле аудандық мәслихатының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы шешімдерімен бекітілді.

Қарасай ауданы

6 елді мекеннің аумағына 102 саяжай массиві енгізілді. Оның ішінде:

  • Қаскелең қаласына – 44,
  • Қырғауылды ауылына – 21,
  • Алмалыбақ ауылына – 26,
  • Қошмамбет, Елтай және Долан ауылдарына – 11 саяжай массиві қосылды.

Бас жоспарлар 2024 жылдың ақпан айында аудандық мәслихат шешімдерімен бекітілді.

Талғар ауданы

6 елді мекен бойынша 93 саяжай массиві елді мекен құрамына енгізілді. Бұл ауылдардың қатарында Кендала, Ақтас, Бесағаш, Тұздыбастау, Байбұлақ және Қызылту бар. Барлық жоспарлар 2024 жылдың 26 қаңтарында Талғар аудандық мәслихаты шешімімен бекітілді.

Еңбекшіқазақ ауданы

Байтерек ауылы мен Есік қаласына тиесілі 35 саяжай массиві елді мекендердің шекарасына енгізілді. Құжаттар 2023 жылдың желтоқсанында бекітілген.

Қонаев және Алатау қалалары

Қонаев қаласына – 9, Алатау қаласына – 40 саяжай массиві қосылды. Қалалардың бас жоспарлары үкімет қаулысымен 2023 және 2024 жылдары бекітілді.

 2024 жылы облыс бойынша 51 елді мекенге қатысты жаңа қала құрылысы құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Нәтижесінде, шамамен 15 383 жер телімі елді мекендердің шекарасына ресми түрде енгізілмек. Оның ішінде:

  • Іле ауданында – 30,
  • Талғар ауданында – 19,
  • Қарасай ауданында – 27 саяжай массиві.

2025 жылы Қарасай ауданының Тұрар, Көлді, Бекболат, және Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат ауылдарына қатысты 23 саяжай массивін заңдастыру бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Бұл жерлердің жалпы ауданы – 123,04 гектар.

Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар Жер кодексінің 108-бабының 1-тармағына сәйкес, бекітілген бас жоспарлар негізінде елді мекендердің шекараларын нақтылау жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің 2024 жылғы 19 наурыздағы №18-ӨН/Қ өкімімен, саяжай массивтері бойынша өзекті мәселелерді анықтап, шешу жолдарын әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл топтың жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асып, тұрғындардың көп жылдан бері көтеріп жүрген мәселелеріне нақты жауаптар беріліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2234064-almaty-oblysynda-zhuzdegen-saiazhai-eldi-mekender-quramyna-engizildi/