59 жылдан кейінгі жүздесу: астаналық полицей ұзақ жыл көріспеген анасы мен қызын табыстырды (видео)
Жарияланған күні:

Ресей азаматы 59 жылдан кейін Қазақстанда анасымен қауышты. Әсерлі кездесуді ресейлік тұрғынға анасын табуға көмектескен учаскелік инспектор Бақытжан Сарманов ұйымдастырды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, биылғы жылдың наурыз айында Астанадағы полиция пунктінің қызметтік нөміріне 59 жастағы Ресей азаматы хабарласып, анасын табу үшін көмек сұраған.
Майор Сарманов жан-жақты тексеру жүргізіп, әйелдің анасын тапқан. Қуанышты хабарды естіген ресейлік әйел жақында Қазақстанға ұшып келген.
Белгілі болғандай ол анасын ұзақ жылдан бері таба алмай жүрген.
"Мен, тіпті адамдарды іздеумен айналысатын телебағдарламаға да жүгіндім, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Бақытжан Сарманов менің туыстарымды тауып берді. Шетел азаматы ретінде мен Қазақстан полициясы қызметкерлерінің зейінділігі мен ұқыптылығына таңғалдым", - дейді ол.
Басылымның жазуынша, қызымен табысқан 78 жастағы әйелдің өмір жолы бірнеше бөлімнен тұратын драмалық фильмге лайық. Өмірі жайлы әңгімелеп берген зейнеткер қуаныштан көз жасын тыя алмай, полицейлерге зор алғысын жеткізген.
Сондай-ақ оның қызы да полиция қызметкерінің кәсібилігіне тәнті болғанын айтып, барлық полицейдің қызметіне сәттілік тілеген.
Бақытжан Сарманов бұл жай ғана күнделікті қызметі мен міндеті деп санайтынын айтады. Оның сөзінше, әр жағдайда полиция қызметкерлері адамдарға көмектесу үшін бар күшін салады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2234250-59-zhyldan-keiingi-zhuzdesu-astanalyq-politsei-uzaq-zhyl-korispegen-anasy-men-qyzyn-tabystyrdy-video/