Зектілері

Алматылық Мұса Әбдірайым әуежай қызметкерін кепілге алу ісі бойынша жәбірленуші болудан бас тартты

Жарияланған күні:

Читать на русском
Мұса Әбдірайым
Мұса Әбдірайым. Фото: instagram.com/abdraimov_musa/

Алматы әуежайында кепілге алынған қызды құтқарған алматылық Мұса Әбдірайым аталған іс бойынша жәбірленуші болудан бас тартты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматының Түрксіб аудандық сотында әуежайда кепілге алынған қызметкердің ісі бойынша сот процесі болып жатыр.

Бүгін алдын ала сот тыңдауында істі қарайтын судья Мұса Әбдірайымның өтінішін оқыды.

"Сізден бұған дейін адвокаттың берген өтінішін қарамауыңызды сұраймын, өйткені мен жәбірленуші емеспін, шағымым мен арызым жоқ.

Маған ешқандай зиян тиген жоқ... және мен жәбірленуші болудан бас тартамын: мен қызды жәбірленуші болу үшін емес, саналы түрде құтқардым. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында менен куәгер ретінде жауап алынды.

Қазіргі уақытта менің ешкімге ешқандай шағымым жоқ", - делінген өтініште.

Еске сала кетейік, 7 наурызда Алматыда ер адам әуежай қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқаны хабарланған болатын. Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 минуттан кейін құқық бұзушыдан полиция қызметкерлері мен әуежайдағы азаматтардың көмегімен суық қаруы алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күдіктінің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.

Кейін "Жігіттер" квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов Instagram желісінде видео бөлісіп, әуежайда жұмыс істейтін қызды құтқарған ер адам ағасы екенін айтты.

Алматы әуежайының қызметкерін құтқарып, оны кепілге алған ер адамды ұстауға көмектескен Мұса Әбдірайым оқыс жағдайдың қалай болғанын айтып берді.

Сол арада "Жігіттер" квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымов Әбдірайымов Мұса жайлы жазба жариялап, оны мақтан тұтатынын жасырмады.

8 наурызда Алматы әкімі әуежай қызметкерін құтқарған азаматты марапаттап, ақшалай сыйақы берді.

Ал әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамға қатысты үш қылмыстық іс қозғалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2234411-almatylyq-musa-abdiraiym-auezhai-qyzmetkerin-kepilge-alu-isi-boiynsha-zhabirlenushi-boludan-bas-tartty/