Зектілері

Шерзат Болаттың өлімі бойынша сот алқабилерсіз өтеді

Жарияланған күні:

Шерзат Болат
Шерзат Болат. Фото: instagram.com/kris.p.karasai

Былтыр Талғарда қаза болған жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот алқабилерсіз өтеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бүгін Талдықорғанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот басталды. Сот Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр.

Алдын ала сот тыңдалымында судья айыпталушылардан істі қарауға алқабилердің қатысуына қалай қарайтынын сұрады. Олар бұған қарсы екенін айтты.

"Сот істі алқабилердің қатысуынсыз қарау туралы қаулы етті", - деді судья Ержан Жанұзақов.

Шерзат Болаттың қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.

Бұл оқиғадан кейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасады.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын жеткізді.

9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.

10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған.

Кейін Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Сот Нұрымовтың бір қарындасына да дәл осындай жаза тағайындады.

Биылғы 21 қаңтарда марқұм Шерзат Болаттың өлімі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2234631-sherzat-bolattyng-olimi-boiynsha-sot-otyrysy-alqabilerding-qatysuynsyz-otedi/