Шерзат Болаттың ісі ашық режимде өтетін болды: онлайн трансляцияны қай жерден көруге болады
Жарияланған күні:

Бүгін, 2025 жылғы 10 сәуір сағат 12:00-де Шерзат Болаттың өлімі туралы іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Бұл туралы Жоғарғы сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қазақстан Жоғарғы соты республика соттарының сот отырыстарын тікелей эфирде өткізу тәжірибесін жалғастыратынын мәлімдеді.
"Сот отырысына қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, сот бұл іс бойынша сот талқылауын ашық режимде өткізу туралы шешім қабылдады.
Сот отырысының онлайн трансляциясын Жоғарғы соттың YouTube-каналында көруге болады", - дейді Жоғарғы сотта.
Шерзат Болаттың қазасы
Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан еді. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды. Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.
Бұл оқиғадан кейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасады.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады. Артынша облыстық полиция департаменті мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын жеткізді.
9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.
10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған.
Кейін Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Сот Нұрымовтың бір қарындасына да дәл осындай жаза тағайындады.
Биылғы 21 қаңтарда марқұм Шерзат Болаттың өлімі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2234676-sherzat-bolattyng-isi-ashyq-rezhimde-otetin-boldy-onlain-transliatsiiany-qai-zherden-koruge-bolady/