Зектілері

“Наурыз жұмыскер” аясында жеке компаниялар өз қызметкерлерін үй алуға ынталандырып жатыр

Жарияланған күні:

“Наурыз жұмыскер” бағдарламасы қатысушылар
Фото: Вера Останкова

“Наурыз жұмыскер” бағдарламасы бойынша 58 млрд теңгеге 2100-ге жуық өтініш мақұлданды. Енді іріктеуден өткен жұмысшылар “Отбасы банк” арқылы ипотека рәсімдеуді бастайды. Бұл ретте қызметкерлері бағдарламаға ілініп кетіп, баспаналы болсын деген ниетпен жеке компаниялар өз қызметкерлеріне қолдау көрсетіп жатыр. NUR.KZ тілшісі ипотека шарттарымен танысып қайтты.

Жеке компаниялар арасында алғашқылардың бірі болып Nest Stroy құрылыс компаниясы дәнекерлеуші, тас қалаушы, әрлеуші сияқты құрылыс басында жүрген өз қызметкерлеріне 1 миллион теңге көлемінде қолдау қаражатын ұсынды. Бұл ақшаны “Наурыз жұмыскер” бағдарламасына қатысуға өтініш жолдаған компания мамандары алғашқы жарнасына қосып, жоба талаптарын орындай алады.

Алғашы лекте - құрылысшылар

“Отбасы банк” пен Nest Stroy құрылыс компаниясы меморандумға қол қойған. Серіктестік аясында компания қарамағында ұзақ жыл бойы адал қызмет еткен мамандарға қайтарымсыз 1 млн теңге ақша берді. Оны құрылысшылар алғашқы жарна ретінде қолдана алады.

Жұмысшылардың алғашқы жарнасы "Отбасы банктегі" жинақтаушы шотқа аударылады. Соның арқасында қарапайым еңбек адамына бағдарламаға қатысу талаптарында көрсетілген алғашқы жарнаны төлеу оңайға соғады. Бастапқы кезеңде құрылыс компаниясы 20 маманына осындай мүмкіндік сыйлап отыр.

“Құрылысшыларымызды қолдау үшін алғашқы жарнаға қосатын 1 млн теңгені қайтарымсыз негізде беріп отырмыз. Бүгінгі таңда өз мамандарымыздан бастадық. Біртіндеп мемлекет бекіткен тізімдегі басқа жұмысшы мамандықтарды да қамтимыз. Бұл жоба адамдардың өндіріс саласына келуіне, бұл салада ұзақ жыл еңбек етуіне ықпал етеді деп ойлаймын”, - деді Nest Stroy директоры Александр Нестерцов.

“6 ай күтудің керегі жоқ”

Бұдан бөлек, құрылыс компаниясы "Отбасы банк" салымшыларына Алатау қаласында орналасқан Гейт сити тұрғын үй кешенінен 20 пәтерді сатып алу құқығымен жалға бермек. Үміткерлер арасындағы басымдылық – жұмысшы мамандық иелеріне беріледі. Бұл Отбасы банк пен Nest Stroy арасында жасалған серіктестіктің арқасында іске аспақ. Шарты бойынша ипотека "Аралық заем" арқылы беріледі. Яғни қарапайым тілмен айтқанда 50/50 бағдарламасы бойынша өтеді. Қатысушылардың заем сомасының 50% көлемінде жинаған ақшасы болуға тиіс. Ал бағалау көрсеткіші 5-тен кем болмауы керек. Мұндай көрсеткішке үй құнының 50%-ын депозитте сақтап, алты ай күткен жағдайда жетуге болады. Сонда ғана ипотека ставкасы 8,5% деңгейінде беріледі (ЖТСМ 9%- дан 9,6% дейін).

Алайда серіктестіктің арқасында, Gate City тұрғын үй кешенінен пәтер алатын клиенттерге 6 ай күтудің қажеті жоқ. "Отбасы банктің" рәсімдеу талабына жеткенше болашақ үйіне көшіп баруына болады. Бастысы, пәтер таза әрлеуде беріледі. Бұл жағдайда бағалау көрсеткішінің мәні 5-ке дейін жеткенше күтудің де қажеті жоқ. Жалпы "Отбасы банк" Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановтың сөзінше, таза әрлеудегі пәтерлер Қазақстанның тұрғын үй нарығында сирек кездесетін дүние.

“Наурыз жұмыскер” бағдарламасы қатысушылар
Фото: Вера Останкова

"Біз Nest Stroy компаниясымен "Наурыз жұмыскер" аясында ерекше формада серіктестік орнаттық. Яғни, жұмысшылар үй құнының 50% депозитке салғаннан кейінгі алты ай ішінде ипотека рәсімдегенше болашақ үйінде тұра алады. Коммуналдық қызметтерін төлеп, несие алуға дайындалады. Былтыр "Отбасы банк" "Аралық заемды" алу үшін 6 ай ақшаны депозитте ұстау және бағалау көрсеткішін 5-ке дейін көтеру деген шарт енгізді. Ал Nest Stroy серіктестік аясында ипотека алуды жоспарлаған адам болашақ үйіне жарты жыл ерте кіре алады. Үй жалдап қиналмай, ақшасын жинап, бағалау көрсеткішін көтеруіне жақсы мүмкіндік. Бұл өте ыңғайлы деп ойлаймын. Сонымен қатар осы жолы “Наурыз жұмыскер” аясында таза әрлеудегі баспана беріліп отыр. Жұмысшылар жөндеуге шығындалмай, бірден көшіп келе алады. Бұл өте маңызды. Осы жоба басқа құрылыс компанияларына үлгі болады деген үміттемін",- деді "Отбасы банк" Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Айта кетейік, сатып алу құқығымен берілетін бұл пәтерлерді алуға өтініштер 14 сәуірден бастап қабылданады. Ол үшін Отбасы банктің Алматы облыстық филиалы қызметкерлерінің көмегіне жүгіну қажет.

“Наурыз-жұмыскер” бойынша баспаналы болған алғашқы азаматтардың алғысы

Gate City тұрғын үй кешені — жаңадан құрылған Алатау қалашығындағы басты нысандардың бірі. Алматының жүктемесін азайтуға бағытталған бастама әу бастағы мақсатына жетіп жатыр. Мұнда баспана 2023 жылдан бастап беріле бастады, биыл төртінші лектегі пәтерлерді алып жатыр. Пәтер қоры 4,5 мыңнан асады. Енді "Наурыз жұмыскер" жобасына қосылып, қаншама жас маманның ортақ үйіне айналмақ. Сондай жаңа қоныс иелерінің бірі — Нұржан Жангелдиев.

Теміржол саласында 8 жылдан аса тәжірибесі бар Нұржан Khorgos Gateway портында дәнекерлеуші механик боп істейді. Екі бала өсіріп отырған отағасы бүгінге дейін Жаркенттен пәтер жалдап тұруға тура келген. Енді, міне, Алматыға тиіп тұрған Алатау кентінен екі бөлмелі пәтер бұйырып, балаларының болашағы үшін мегаполиске жақындауды жоспарлап отыр.

"Gate City тұрғынүй кешенінен 65 шаршы метр екі бөлмелі пәтер алып, отбасымызбен қуанып жатырмыз. "Наурыз жұмыскер" өте жақсы бағдарлама екен, өзіме ұнады. Проценті де өзімізге ыңғайлы - жылына 9%. Жиырма күннің ішінде рәсімдеп алдық. Үйдің сапасы жақсы, балалар ойнайтын ойын алаңы өте кең. Таза әрлеумен алғанымыз біз секілді жас отбасына өте тиімді болды. Жөндеуге шығындалмайтын болдық. Есік-терезесі сапалы, едені паркеттен төселіпті. Осындай бағдарлама көп болса, жас мамандар үйлі болса, жұмыс істеуге де ұмтылыс болатын еді деп ойлаймын", - деп қуанышын бөлісті Нұржан Жангелдиев.

Gate City үйлерінің құны 18 млн теңгеден басталады, несиелендіруге берілетін үйдің шекті бағасы 36,8 млн теңгеге дейін.

Еске салайық, биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған. Өндіріс, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, құрылыс саласында жұмыс істейтін азаматтарға арналған "Наурыз жұмыскер" ипотекалық бағдарламасы 17 наурыздан бастап өтінім қабылдауды бастады. Жобаға 72 млрд теңге бөлініп, шамамен 2 440 жұмысшы маманның үй мәселесі жеңілдетілген несие арқылы шешілмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2234784-nauryz-zhumysker-aiasynda-zheke-kompaniialar-oz-qyzmetkerlerin-ui-aluga-yntalandyryp-zhatyr/