7 елді кесіп өткен: 65 жастағы ақтаулық ерлі-зайыпты Ақтаудан Парижге велосипедпен барған (видео)
Жарияланған күні:

65 жастағы ақтаулық ерлі-зайыпты Ақтаудан Парижге велосипедпен барған. Бұл туралы ерлі-зайыптының қызы, қазақстандық дизайнер Ая Раббим әлеуметтік желідегі парақшасында айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ерлі-зайыпты Парижге екі айда жеткен. Осы аралықта 7 елді кесіп өтіп, 4600 км жол жүрген.
"Қазақстанды қоспағанда жеті елді кесіп өттік. Екі айда Ақтаудан Францияға жеттік", - дейді Ая Раббимның анасы Айзада Борашова.
Орта жолда ерлі-зайыптыға қыздары Ая Раббим қосылған.
"Штутгарттан Парижге дейін қастарында болдым. Тіс щеткаларына дейін өздері арқалап жүрген, әлі күнге дейін күлеміз. Оларға жеңіл болсын деп жүктерін көлігіме салып алдым. Бірнеше килограмм болатын жүктерін айтпағанда, велосипедтің өзі өте ауыр", - дейді дизайнер.
Айзада Борашованың айтуынша, әр сапардың өз қиындығы болады. Десе де, оны жеңе білу керек. Сапарда қиындық тудырғаны салмағы 15-20 кг болатын қол жүгі болған. Сондай-ақ қалалардың ішімен өту де қиынға соққан. Сапар кезінде кафеде қонған кездері де болған.
"Түркияда кафеде қонған кезіміз болды. Күніне 70 км, кейде 90, бірде 98 км жүрдік. Рекең күніне 100-120 шақырым жүре алады", - дейді Айзада Борашова.
Желі қолданушылары ерлі-зайыптылардың батылдығына таңғалып, нағыз үлгі болатын жандар екенін жазып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2235648-7-eldi-kesip-otken-65-zhastagy-aqtaulyq-erli-zaiypty-aqtaudan-parizhge-velosipedpen-bargan-video/