Зектілері

Қазақстанда биыл жаз қатты ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр

Жарияланған күні:

Құрғаған жер беті
Құрғақшылық. Көрнекі фото: pexels.com

"Қазгидрометтің" болжамына сәйкес, Қазақстанда биылғы жаз қатты ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр. Бұл туралы бүгінгі үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, "Қазгидрометтің" болжамынша, елімізде биыл жаз қатты ыстық болады.

Осыған байланысты ведомство басшысы өңір әкімдерін ормандардағы өрт қауіпсіздігін сақтауға мұқият назар аударуға шақырды.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4402 га болатын 25 орман өрті тіркелген. Талдау көрсеткендей, орман өртінің шығуына дала өрті және найзағай негізгі себеп болса, ал таралуына қашықтық, жетудің қиындығы мен жол қатынасының болмауы себеп.

"Облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіру жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауы қажет. "Қазгидрометтің болжамы" бойынша, биылғы жаз өте ыстық болады. Облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараны қабылдауы қажет", - деді Ерлан Нысанбаев

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаевтың мәлімдеуінше, Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен бірлесіп, ведомствоаралық жоспарды бекіткен, табиғи өрт кезінде жедел әрекет ету алгоритмдеріне түзету енгізілген (шекаралас мемлекеттерді қоса алғанда).

Өңірлерде аумақты тазарту және жырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ орманды дала алқаптарында алдын алу шаралары басталған.

Әкімдіктерге өрттің қауіпті кезеңіне дайындықтың жеткіліксіздігі туралы 700-ден астам ескерту берілген.

Сонымен қатар ТЖМ өкілі де биыл "Қазгидрометтің" болжамына сәйкес, жаз құрғақ, шөп қалың болады деп күтіліп отырғанын айтты. Осыған байланысты ел аумағында жоғары өрт қаупі сақталады.

"Қазіргі уақытта ҚР ТЖМ Командалық орталығында тәулік бойы жедел топ жұмыс істейді. Өткен жылдағыдай, өрт ошақтарының алдын алуға және ерте анықтауға басты назар аударылады. "Орман" және "Табиғат" ақпараттық жүйелері, орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректері, космомониторинг және ТЖ геоақпараттық жүйесі арқылы өрт жағдайына мониторинг жүргізіледі", - деді Кеген Тұрсынбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2235819-totenshe-zhagdailar-ministrligi-zhaz-qurgaq-bolady-dep-kutilip-otyr/