Черногория соты Дина Таңсәріні экстрадициялаудан неге бас тартты: Бас прокуратура түсіндірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бас прокуратураның баспасөз қызметі өкілдері "НеМолчиKZ" қорының негізін қалаушы Дина Смаилованың (Дина Таңсәрі) Черногориядан неге экстрадицияланбағанын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі өкілдерінің хабарлауынша, 14 сәуірде Черногорияда Қазақстан азаматы Динара Смаилова (Дина Таңсәрі) ұсталды.
"Ол белгісіз тұлғалармен топтасып, алаяқтық жолмен, адамдардың сеніміне қиянат жасап, Қазақстан азаматтарының ақша қаражатын иемденді деген күдікке ілінді.
Бүгінгі таңда Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері Динара Смаиловаға (Дина Таңсәріге) қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұқпаушылықты бұзу, оның ішінде екі алаяқтық фактісі бойынша алты қылмыстық іс қозғап, тергеп жатыр", - делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс аясында Смаилова 2023 жылдың сәуірінде Өскемен қаласында кәмелетке толмаған қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы жалған ақпарат таратқаны анықталған. Содан кейін ол марқұмның отбасына көңіл айтып, жазба жариялаған. Алайда бұл ақпараттың барлығы жалған болып шыққан, өйткені іс жүзінде суицид болмаған, кәмелетке толмаған бала зардап шеккен бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілген, деп хабарлады Бас прокуратура өкілдері.
"Осыған қарамастан Смаилова жәбірленушінің адвокаты үшін ақшалай көмек қолын созатынын айтып, сот барысында ол елден 20 млн теңгеден астам қаражат жинаған, оның аз ғана бөлігі жол ақысына жұмсалған. Алайда сот барысында адвокатқа зардап шеккен тарап өзі төлегені белгілі болды, бұл сотталушылардың қорғаушыларының наразылығын тудырды", - дейді Бас прокуратура өкілдері.
Тағы бір қылмыстық іс алаяқтық фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаментінде қозғалған, іс бойынша ол кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық көрген жәбірленушіге көмек көрсету үшін ақша жинаған.
"Смаилова жұртшылықты адастырып, бір отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жалған жазба жариялап, өз оқырмандарынан күйеуінің картасына ақша аударуын сұрап, реквизитін көрсеткен. Тергеу зорлық-зомбылық фактісін растаған жоқ. Бірақ банк ақпаратына сәйкес, көрсетілген уақыт ішінде Смаилова бірнеше миллион теңге жинап үлгерген.
Сонымен бірге, соттың санкциясымен алынған банк ақпаратына талдау жүргізу кезінде Смаилова Қордың қаржылық қызметін реттейтін "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Заңының талаптарын бұза отырып, ақша аударымдарын күйеуінің жеке картасына алғаны анықталды. Оның үстіне ақшаны жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ бола тұра, қаражатты шетелде жүргенде өз қажеттілігіне жұмсаған", - делінген прокуратураның баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ Бас прокуратураның мәліметінше, "Немолчи" қорының құрылтайшысы бола тұрып Смаилова Instagram желісіндегі "nemolchikz_official" парақшасында тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына материалдық көмек көрсетілгені туралы көрінеу жалған ақпарат жариялау арқылы Қазақстан тұрғындарынан заңсыз ақша жинаған.
Таңсәріге шара қолдану туралы жеті азамат ақшамызды алдап иемденді деген факт бойынша полицияға хабарласқан.
Смаилованың әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен – аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық деп сырттай сараланып, тергеу соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Артынша оған халықаралық іздеу жарияланды.
"Қазақстан Республикасы ІІМ Интерполы (Ұлттық заңнаманы және жалпы қабылданған адам құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып, қылмысқа қарсы күресте Интерполға мүше мемлекеттердің ішкі істер органдарымен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыратын Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімі) Смаилова Д.-ның Черногорияда екенін анықтады, осыған байланысты Бас прокуратура осы елдің уәкілетті органдарына оны экстрадициялау туралы сұрау салды.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Черногория арасында экстрадициялау туралы халықаралық келісім жоқ, осыған байланысты аталған шет мемлекет Смаилованы экстрадициялаудан бас тартты", - делінген ведомство хабарламасында.
Қазақстанның құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, сот шешіміне қарамастан оны қылмыстық жауапкершілікке тарту жұмысы жалғасады.
Тергеу мүддесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді.
Айта кетейік, кеше, 14 сәуірде "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі ұсталып, Подгорицадағы Жоғарғы сотқа жеткізілген.
Бүгін Черногорияның Жоғарғы соты Смаилованы босату туралы шешім қабылдады. Бұл ақпаратты қор өкілдері хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2235921-nelikten-chernogoriia-nemolchikz-qorynyng-zhetekshisin-ekstraditsiialaudan-bas-tartty-bas-prokuratura-tusindirdi/