Солтүстік Қазақстанда су тасқынының үшінші толқыны күтіліп отыр: кей елді мекен халқы көшіріледі
Жарияланған күні:

Бүгін, 23 сәуірде әкімдік отырысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі су тасқыны жағдайын айтты. Облыс әкімінің сөзінше, биыл Сергеев су қоймасында алғаш рет үшінші толқын байқалып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, Петропавлда тасқынның шарықтау шегі 28–30 сәуірде күтіліп отыр.
Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты су жылдағыдай жайылма алқаптарға таралып жатыр. Қазір су Заречный кенті мен Речпорт маңындағы саяжай учаскелеріне жайылған. Бұл саяжайларда тұрғындар жоқ, ТЖД мен полиция бекеттері қойылды.
Ойқала мен Былғары кентіндегі, Қызылжар ауданының Тепличное және Прибрежное ауылдарында жағдай ерекше бақылауда.
"Су тасқыны толық аяқталғанға дейін жағдайды тұрақты бақылауда ұстаймыз. Басты басымдық — азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтау. Барлық қызметтер жоғары дайындықта болып, жедел әрекет ету керек", - деді өңір басшысы.
Есіл өзенінің жайылма алқабында орналасқан Заречный кентінде 6 көпқабатты және 90 жеке үй, №13 орта мектеп пен түзеу мекемесі бар.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүлкін қорғау мақсатында Заречный кентінің тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта 90 және 72 пәтерлі екі көпқабатты үй тұрғызылып жатыр. Сонымен қатар жаңа түзеу мекемесі мен Копай шағын ауданында 600 орындық мектеп салынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2238468-soltustik-qazaqstanda-su-tasqynynyng-ushinshi-tolqyny-kutilip-otyr-kei-eldi-meken-halqy-koshiriledi/