Алматыда белгілі ғалым Сейіт Қасқабасовты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті
Жарияланған күні:

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының "Әдебиетшілер үйінде" көрнекті әдебиеттанушы, ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасовты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Бұл туралы Жазушылар одағына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қаралы жиынға еліміздің әр өңірінен зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен ғылым ордасының көрнекті тұлғалары жиналған. Қоштасу жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын президенттің кеңесшісі Бауыржан Омаров оқып берген.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов марқұмның қазақ әдебиеті мен ғылымына сіңірген ерен еңбегіне тоқталып, оның тұлғалық биігін ерекше атап өткен.
"Біз кемел де кемеңгер азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сейіт Қасқабасов – қазақ әдебиетінің тарихын, әсіресе фольклор мен көне мұраларды елге жеткізуде өлшеусіз еңбек еткен тұлға. Ол өзінің зиялылығымен, дарынымен, ұстаздық болмысымен жадымызда мәңгі сақталады. Барша қазақ халқына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", - деді төраға.
Ғалымның шәкірті, белгілі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов сөз алып, Сейіт Қасқабасовтың ғылымдағы сара жолы мен балалар әдебиетін дамытудағы үлесін атап өтті.
Сонымен қатар профессор Болат Көмеков пен фольклортанушы ғалым Шәкір Ыбыраев та естеліктерін бөлісіп, марқұмның адами болмысы мен ғылыми мұрасын тебіреніспен еске алған.
"Жаназа Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты алдында оқылды. Ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген ардақты ғалымды Алматы халқы ақтық сапарға шығарып салды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, белгілі әдебиеттанушы, ғалым Сейіт Қасқабасов 28 сәуірде 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Мемлекет басшысы ғалымның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2240826-almatyda-belgili-galym-seiit-qasqabasovty-aqtyq-saparga-shygaryp-salu-rasimi-otti/