"Шоқпар сияқты затпен ұрды": Шерзат Болатқа қатысты сотта дүкен маңында тұратын куә айғақ берді
Жарияланған күні:

Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот отырысында Талғардағы "Қамажай" дүкеніне жақын маңда тұратын әйелден іс бойынша куә ретінде жауап алынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сотта куә Наргиза Низаметдинова жәбірленушілерді дүкен сатушылары ретінде ғана танитынын айтты.
"Мен ұйықтап жатқанмын, қатты айқайдан ояндым. Сағатқа қарамадым, (уақытын) нақты айта алмаймын. Ең бірінші естігенім - анасының дауысы, айқайлағаны. "Балам, балам" дегенін білемін, айқайлады, есімде жоқ. Сосын Шерзат алға қарай жүгіріп кетті. Оның артынан ағасы жүгірді. Сосын бір жігіт тұрып, "ат" деп айқай салды. Ол жігіт дүкеннің алдында тұрды", - деді куә.
Мемлекеттік айыптаушы куәден "ат" деп бұйрық берген адамның қандай киім кигенін сұрады.
"Қаралау түсті киім, басқасын байқамадым", - деп жауап берді куә.
Сондай-ақ сотта куә марқұм Шерзат пен ағасы Нұрқанатты әлдекімдер ұрғанын айтты.
"Одан кейін жігіттер жүгірді. Сосын анасы айқайлап, қорғаштай бастады баласын. Мен алыстан қарағанда басынан ба, аяғынан ба шоқпар сияқты затпен ұрып жатты. Сосын Шерзатты жұдырықпен ұрғанын көрдім. Басқа нәрсемен ұрғанын байқамадым", - деді куә Наргиза Низаметдинова.
Оның айтуынша, Шерзат жатқан жерге жарықшамның сәулесі түсіп тұрған, бірақ қатты жарық болмаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2242134-shoqpar-siiaqty-zatpen-urdy-sherzat-bolatqa-qatysty-sotta-duken-mangynda-turatyn-kua-aigaq-berdi/