Марқұм Шерзат Болаттың соты: сот прокурорды ауыстыруды өтінген адвокаттардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты
Жарияланған күні:

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысы барысында айыпталушылардың адвокаттары прокурорға қарсылық білдіріп, оны ауыстыруды сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Айта кетейік, бүгін сотта айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр. Жауап алу кезінде оның адвокаты Мәулен Ержанов прокурор Дана Сәрсенбайға қарсылық білдіріп, оны ауыстыруды сұрады.
"Сұрақ қойған кезде сұрақты бұрмалап қойып отыр, дауыс көтеріп сөйлеп отыр (...) Қарсымыз, мемлекеттік айыптаушыны ауыстыруды сұраймыз", - деді адвокат Мәулен Ержанов.
Қарсылықты өзге айыпталушылардың адвокаттары да қолдайтынын айтты.
Ал мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай бұл өтінішпен келіспейтінін жеткізді.
Сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетіп, кейін шешімін жариялады.
Сот айыпталушы тарап адвокаттарының өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
"Сот қаулы етті, адвокат Ержановтың мемлекеттік айыптаушы Сәрсенбайға қарсылық білдіру туралы өтінішхаты қанағаттандырудан бас тартылсын, қарсылық білдіруді қабылдамау немесе қанағаттандыру туралы қаулы шағым жасауға прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға, наразылық білдіруге жатпайды. Қаулымен келіспеу туралы дәлелдер, апелляциялық шағымға прокурордың өтінішхатына немесе сот актілеріне кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатқа наразылыққа енгізілуі мүмкін", - деді судья Ержан Жанұзақов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2242506-marqum-sherzat-bolattyng-soty-sot-prokurordy-auystyrudy-otingen-advokattardyng-otinishin-qanagattandyrudan-bas-tartty/