Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған дрондар шоуы өтеді: оны қайдан тамашалауға болады
Жарияланған күні:
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай алматылықтар мен қала қонақтарына ерекше жарық шоуы ұсынылады, 500-ден астам дрон қатысатын ауқымды көрініс өтеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дрон-шоу 9 мамырда сағат 21:00-де Абай алаңында қойылады. Оның басты ерекшелігі – соғыс жылдарында Қазақстанды даңққа бөлеген батырлардың бейнесі көрсетіледі.
"Алматы аспанында аты аңызға айналған қаһарман қыздар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, сондай-ақ Бауыржан Момышұлының бейнесі жарық арқылы жанданады. Заманауи технологиялар мен жарық анимациясының көмегімен олардың ерлігі мен рухын жеткізетін көріністер арқылы елге таныстырылады", - дейді әкімдік өкілдері.
Сонымен қатар дрон-шоу барысында еске алудың белгісі ретінде тырналар да көрсетіледі. Ал шоудың соңында қазақтың ою-өрнегі аясында "Жеңіс күні құтты болсын!" деген жазу пайда болады.
Әкімдік өкілдері іс-шара демеушілердің қолдауымен барлық қауіпсіздік талап сақтала отырып ұйымдастырылатынын мәлім етті.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар дрон-шоуды тамашалауға арналған бірнеше ыңғайлы алаң дайындады.
Басты орындар – Абай алаңы, "Қазақстан" қонақ үйінің маңы, Caspian University жанындағы орын және Абай даңғылы бойындағы аумақтар – Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейін.
Іс-шараны дайындау және өткізуге байланысты 9 мамыр күні сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін қала орталығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі бөлігі, сондай-ақ, Достық даңғылының Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі аралығында жол жабылады.
Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын бағытты алдын ала жоспарлауға және уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауға шақырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2242836-almatyda-zhengisting-80-zhyldygyna-arnalgan-dron-shou-otedi-ony-qaidan-tamashalauga-bolady/